Сыр жастары «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуда
Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды.
Акцияның негізгі мақсаты қоршаған ортаны таза ұстауға және ластамауға шақыру болып табылады. Президент өз сөзінде «Шын мәнінде елімізді көгалдандыру, абаттандыру үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл жалпыұлттық мәселе» – деп үндеген болатын.
Аталған акция аясында, облыстық әкелер одағы және облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экологиялық жастар марафоны өткізілді. Акция қаламыздың сол жақ жағалауындағы «Жастар аллеясында» ұйымдастырылды.
Марафонға қатысушы жастар белгіленген уақыт ішінде қоқысты жинаудан сайысқа түсті. Экологиялық акцияға облыстық мәслихат депутаты, облыстық әкелер одағының төрағасы Ержан Искендіров қолдау көрсіп, акция қорытындысымен жеңімпаз жастар арнайы қаржылай сыйақылармен марапатталды.