Түркістан: Ассамблея мүшелері ҚХА-ның ХХХІІІ сессиясына онлайн режимде қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы өтті.
Президент еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, биылғы сессияны онлайн-форматта өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Сессия жұмысына онлайн режимде Түркістан облысы әкімінің орынбасары – облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, сондай-ақ өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жастар қатысты.
Алқалы жиында Мемлекет басшысы еліміздің мызғымас бірлігі, халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы қиын күндерде айқын көрінгенін атап өтті.
«Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады», – деді Президент.
Қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризашылығын білдірді. Түрлі қорлар арқылы жиналған қаражат елді мекендерді қалпына келтіруге жұмсалатынын, қиын жағдайға тап болған азаматтарға Мемлекет шығынды түгел өтейтінін кесіп айтты.
«Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл жұмыстарға Қазақстан халқы ассамблеясы белсенді атсалысып жатқанына да ерекше тоқталды.
«Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр», – деген Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары жұртының алғысын жеткізді.
Сонымен қатар Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында қолға алынған этномедиацияға қатысты жұмыс тәжірибиесін Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажеттігін айтты.
«Ассамблея мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керек. Сондықтан оның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту қажет. Этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән берілуге тиіс. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажет» – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Отырыс барысында елімізде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңыздылығы да қозғалды.
Маңызды жиын соңында Мемлекет басшысы қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, насихаттап жүрген ҚХА мүшелерін марапаттады.
Айта кетейік, Түркістанда «Достық үйі» ғимаратының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатқан жаңа нысанды биыл пайдалануға беру жоспарлануда.