БАҚ өкілдері Бишімбаев ісі бойынша сот залына қайта кіргізілді
Бүгін Ұлттық экономиканың экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша БАҚ өкілдері сот залына кіргізілді, – деп хабарлайды janalyq.kz.
Бүгінгі сот отырысында судья Айжан Құлбаева КТК арнасының өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты. Айта кетейік, бұған дейін телеарна алқабилер көрініп қалған кадрларды шығарған болатын.
“Алқабилерді сот отырысы залына шақырмас бұрын, тексеріс кезінде алқабилердің фото және бейнежазбаларын БАҚ-та және әлеуметтік желілерде КТК телеарнасының өкілдері таратқаны анықталғанын жеткізгім келеді, олар бүгінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Біздің процестің ашық сот отырысында жүргізіліп жатқанын ескере отырып, қылмыстық іс жүргізу кодексінің 29-бабында бекітілген сот ісін жүргізудің жариялылық қағидатын қамтамасыз ету мақсатында және әділ сот талқылауы мақсатында сот бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін сот залына жіберу қажет деп санайды. Бұл ретте сот залына КТК арнасы да жіберіледі, өйткені оларға қатысты әкімшілік жауапкершілік қолданылған”, – деді судья.