Генерал халыққа ыңғайлы форматта есеп беріп, 100-ге жуық сұраққа жауап берді
Облыстың бас полицейі Мұрат Қабденов 2023 жылды қорытындылап, халық алдында онлайн-режимде есеп берді. Кездесу полиция департаментінің әлеуметтік желідегі ресми аккаунттарында және генералдың жеке парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Есептік жиынға бейнеселектор режимінде департамент басшылығы мен 17 қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің бастықтары қатысты. Халыққа онлайн режимде есеп беру-бұл полиция жұмысының қолжетімділігі, ыңғайлылығы мен ашықтығының көрінісі. Облыс полицейлерінің атқарған жұмысы жайлы бейнеролик көрсетіліп, одан әрі департамент бастығы баяндама жасады.
Облыстың бас полицейі мал ұрлығының, интернет-алаяқтықтың, есірткі қылмысының, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне, сондай-ақ полицияның “сервистік модельге” көшуі, полиция қызметінің ашықтығы тақырыбына назар аударды. Яғни генерал Мұрат Қабденов облыс аумағындағы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы айтты. Ол өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты екенін және бұл республика бойынша қылмысы ең аз аймақтың бірі екенін атап өтті, сондай-ақ атқарылған жұмыстар туралы статистикалық есепті жұртшылыққа ұсынды.
Мәселен, облыста тіркелген қылмыстардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 8,9% – ға төмендеді. Ал қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 37,4% – ға төмендеді. Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде пәтер ұрлығын жасаған 15 қылмыстық топ ұсталды. Есірткінің заңсыз айналымының 572 фактісі анықталып, 1 тонна 330 келіден астам есірткі тәркіленді.
2024 жылы “Профилактика жылы” шеңберінде қоғамдық тәртіпті нығайту, интернет-алаяқтықтың, мал ұрлығының, бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу жөніндегі іс-шаралар да назардан тыс қалмады. Қоғамдық орындарда және көшелерде халық арасында өзін қылмыстық қол сұғушылықтан қалай қорғау керектігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тақырыптық бейнероликтер, баннерлер, билбордтар орналастырылып, “Абайлаңыз, алаяқтар!”, “Есірткіге жол жоқ” және басқа да шаралар өткізілуде.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу үшін облыс жолдарында “Автоураган”, “Кибер-шериф” кешендері, сондай-ақ дрондар қолданылды. Сондай-ақ 1400-ден астам бейнекамера жұмыс істеуде. Оның ішінде 200-ден астамы көлік жылдамдығын бақылайды. Мәселен олармен 568 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және халықпен кері байланыс орнату мақсатында облыста жұртшылық өкілдерінің, мүдделі органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен “Бақытты отбасы – болашақтың кепілі” форумы өткізілді.
«Түркістан – рухани астана» болғандықтан, мұнда түрлі іс-шаралар өткізіледі, туристер көптеп келеді. Сондықтан облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары өздерін қауіпсіз сезінулері қажет. Сондай-ақ Түркістанда полицияның халыққа қызмет көрсету орталығы, яғни сервистік орталық ашылды.
“Біздің міндетіміз-халықпен тығыз қарым-қатынас жасау, қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты азаматтарды заңды сақтауға және жол қозғалысы ережелерін бұзбауға шақырамыз. Қорытындылай келе, біз қылмыс деңгейін төмендету және полицияны халыққа жақындату үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп айтқым келеді. Егер сізде полицияға қатысты сұрақтар мен ұсыныстар болса, біздің есігіміз әрқашан ашық!”- деп атап өтті М. Қабденов.
Өз кезегінде облыс тұрғындары онлайн-режимде 100-ге жуық сұрақ қойды, оның ішінде жолдардағы бейнебақылау камералары, қылмыстық істерді тергеу, құжаттарды рәсімдеу, қызметке кіру және профилактика бойынша сауалдар бар.