Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ұйымдар қызметкерлерін қашықтан жұмыс жасау режиміне көшіруі қажеттігін айтып, отбасылық жиындар мен қонаққа барудан, үлкен топпен жиналудан бас тартуға шақырды, деп хабарлады әкімдіктің ресми сайты.
Эпидемиологиялық жағдай өршіп, өтініш білдірушілер санының артуын ескере отырып, коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі қалалық шұғыл әрекет ету штабында бірқатар мәселелер қаралды, деп хабарлады елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің инстаграм парақшасында.
“Covid-19 инфекциясын жұқтырғандар үшін қосымша 400 провизорлық орын ашылды. Оның ішінде, стационарлар базасында инфаркт, инсульт, қант диабеті бар (КВИ-ға күдігі бар) адамдарға арналған жеке орындар анықталды. Бұған дейін пневмония мен ОРВИ бар емделушілер үшін жеке корпустар ашылған болатын. Оларды коронавирусқа қосымша тексереді. Бұл инфекцияны ертерек анықтауға мүмкіндік берді”, – деді А.Көлгінов.
Оның айтуынша, қалалық және жеке меншік емханалардың бас дәрігерлерімен, стационарлардың, талдау-орталықтарының басшыларымен және қаланың бас санитарлық дәрігерімен онлайн-кездесуден кейін коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларын емдеу үшін телемедицинаға көшу туралы шешім қабылданған.
“Медицина қызметкерлері бейнеқоңыраулар және басқа да байланыс арналары арқылы тұрғындардың денсаулық жағдайын қадағалайды, коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларына барлық мәселелер бойынша кеңес береді. Науқастарда симптомдар пайда болған жағдайда олар ауруханаға жатқызылады. Сонымен қоса шетелден ұшып келген әуежолаушыларды оқшаулау тәжірибесі жалғасады. “Рамада Плаза” қонақ үйінде медстационарға жабдықталған нөмірлер дайындалды. Естеріңізге сала кетейік, 22 наурыздан бастап қалаға кіру және шығу жабылды, қалалық штаб барлық әуежолаушыларын тексеру туралы шешім қабылдады. Бұл қалаға инфекция жұқтырғандарды жібермеуге мүмкіндік берді”, – деді елорда әкімі.
Сондай-ақ, ол ұйымдар қызметкерлерді қашықтан жұмыс жасау режиміне барынша көшіруі қажетін атап өтті.
“Қызметі рұқсат етілген ұйымдар санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын бақылауы керек. Covid-19 жұқтырғандардың жартысы әртүрлі ұжымдар. Күн сайын әкімдіктің мобильді тобы полиция қызметкерлерімен, санитарлық дәрігерлермен, волонтерлермен бірлесіп рейдтер жүргізіп жатыр. Тәртіпбұзушылық болған жағдайда нысандар жабылады”, – деді А.Көлгінов.
Қала тұрғындары санитария нормаларын қатаң сақтауы қажет. Маска киіп (әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде), мүмкіндігінше адам көп жиналатын орындарға бармай, антисептик пайдаланып, ара қашықтық сақтаған жөн.
“Отбасылық жиындар мен қонаққа барудан, үлкен топпен жиналудан бас тарту қажет. Сақтық шараларын сақтай отырып, сіз өзіңізді және жақындарыңызды қауіпсіз ете аласыз. Қалада отбасылық ошақтар тіркеліп отыр, яғни бір отбасының барлық мүшелері індетті жұқтырған. Қалада (адамдар көп жиналатын жерлерде) инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында тұрақты түрде дезинфекциялық жұмыстар жүргіземіз. Бұдан басқа, емханалар мен ауруханалар аумағында дезинфекциялық тоннельдер мен тепловизорлардың санын көбейтеміз”, – деп атап өтті А.Көлгінов.
Сонымен қатар, елорда әкімі дәрігерлердің айтуынша науқастардың жағдайы өте ауыр екенін атап өтті.
“Өкінішке орай, тұрғындар медицина қызметкерлері айтып жатқан ережелерді сақтамайды, өзін-өзі емдеумен айналысып, медициналық көмекке дер кезінде жүгінбейді. Covid-19 өздігімен емдеуге болмайды, індет өте қауіпті. Санитария нормаларын сақтамау қатаң карантин режиміне оралуға әкелуі мүмкін”, – деді А.Көлгінов.