ІІМ басшысы Қуандық Бишімбаевқа қатысты істің мән-жайын айтып берді
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты істің мән-жайын айтып берді, – деп хабарлайды janalyq.kz.
Мәжіліс кулуарында ішкі істер министрі бұл іс бойынша тергеудің аяқталғанын, жақын арада сотқа тапсырылатынын хабарлады.
“Іс аяқталды, қазір танысу жүріп жатыр, содан кейін сотқа жіберіледі. Процесс мынадай: зардап шеккен тарап пен күдікті тарап қарап жатыр. Менің ойымша, процесс аяқталуға жақын. Тергеу толығымен аяқталды, оны қарап шыққан соң, қадағалау органы ретінде прокуратураға жібереміз, прокуратура арқылы сот қабылдап, шешім шығарады”, – деді Сәденов журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Соттың ашық немесе жабық өтуін судья шешеді, деп қосты ІІМ басшысы. Сондай-ақ, Ержан Сәденов Бишімбаевтың денсаулығы мен қамауда ұстау жағдайы туралы сұрақтарға жауап берді.
“Бәріне бірдей жағдай жасалған, ол қамауға алынды, сондықтан жалпы негізде (отырады – еск.). Заңды негізде, басқалармен, бәрі бірге. Денсаулығы орынды”, – деді Сәденов.
Еске салайық, 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел алған жарақатынан көз жұмған. Болжам бойынша, әңгіме экс-министрдің әйелі туралы. Бишімбаевтың ұсталғаны туралы хабарламамен қатар Астана полициясы ер адамның ұсталғаны туралы пікір білдірді. Бірақ оның аты-жөнін нақтыламады.
Сондай-ақ, сағат 19:54-те астаналық жедел медициналық қызмет көрсету станциясы пультіне қоңырау түскен. Жедел жәрдем бригадасы жеткенде 1992 жылы туған әйелдің қаза болғаны расталды. Кейін марқұмның 31 жастағы Салтанат Нүкенова екені белгілі болды. Ол – Қуандық Бишімбаевтың әйелі.