Технология

Қазақстанда 30 қызмет проактивті тәсілмен көрсетіледі

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев халыққа есеп беру кездесуінде азаматтардың сұрақтарына жауап бере отырып айтты.

Қызмет көрсетудің проактивті форматы бойынша мемлекет азаматқа қажетті қызметті алуды өзі ұсынады. Бұл ретте азаматқа құжат ресімдеу немесе өтінім беру үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, қажетті ақпаратты келген SMS-хабарламаға жауап ретінде жіберу жеткілікті.

Қазір мемлекеттік қызметтің 5 түрі проактивті форматта көрсетіледі. Баланың туу туралы куәлігін SMS-хабарлама жолдау арқылы ресімдеуге болады. Сондай-ақ, “Алтын алқа” және “Күміс алқа” иелері жәрдемақыны осы тәсілмен ресімдей алады.

“Бүгінде Қазақстанда қызметтің 80%-дан астамы – электондық қызметтер. Яғни, біз қызметтердіпроактивтіформатқа көшіруге мүмкіндік беретін автоматтандырудың осындай деңгейіне қол жеткіздік. Адамдарға ешқайда барудың қажеті жоқ, келген хабарламаға жауап беру арқылы мемлекеттік қызметтерді ала алады”, – деді Асқар Жұмағалиев.

Министр ведомствоаралық комиссияның шешімімен проактивті форматта көрсетілетін 30 қызметтің іріктеліп алынғанын айтты. Олардың арасында – жүктілігі мен босануы бойынша төлемдерді тағайындау, мүгедектікті белгілеу, мектепке қабылдау, көшелерді немесе елді мекендерді қайта атау кезінде мекенжай деректерін өзгерту, жерлеуге арналған бір реттік төлемді тағайындау және т.б. бар.

“Қазір жүкті әйелдер декреттік төлемдерді ХҚКО-ға барып ресімдейді. Бұл қызмет проактивті форматқа көшірілген соң, еңбекке жарамсыздық парағын ресімдегеннен кейінSMS-хабарлама келеді, соған жауап беру арқылы олар жәрдемақыны үйде отырып ресімдей алады. Ең бастысы –СМС-хабарлама алу үшін мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс”, – деп түсіндірді министр.

Проактивті қызметтердің көбін осы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған. Бұл үшін осы қызметтерді көрсетуші мемлекеттік органдар өз жүйелері арасында деректер алмасуды қамтамасыз ете отырып, барлық қажетті интеграциялық жұмыстарды аяқтауы тиіс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button