Допингке қарсы зертхананың аккредитациясы қайтарылады
Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың халық алдында есеп беру кездесуі өтті.
Жиында министр өткен жылдың жұмыс қорытындысы мен биыл жүзеге асырылатын жобалар жайлы айтты.
«Өткен жылы допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға, допингке қарсы ұлттық ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған «ҚР Спорт және дене шынықтыру туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар туралы» заң жобасы қабылданғанын білесіздер. 2016 жылы WADA (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) Қазақстанның допингке қарсы зертханасына берген аккредитациясын қайтарып алған болатын. Осы аралықта Мəдениет жəне спорт министрлігі мен Ұлттық олимпиада комитеті аккредитацияны қайта қалпына келтіру бойынша жұмыс істеді. Бүгінде зертхана 1700 шаршы метр жаңа ғимаратқа көшіріліп, WADA-ның барлық талаптарына сай келетін қондырғылар орнатылды. Қазір ұлттық орталық WADA тарапынан қайта қалпына келтіруге жарамды зертханалар қатарында тұр»,- деді Ақтоты Райымқұлова.