Қоғам

АӘД оқытушылары “AMANAT” партия бағдарламасымен танысты

“AMANAT” партиясының Абай облыстық сайлауалды штабында колледждердің алғашқы әскери дайындық оқытушыларының қатысуымен ашық диалог алаңы өтті. Кездесу барысында облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Думанғазы Арғынғазин жастардың бойындағы намыс пен ұлттық рухты қалыптастыруда партияның бағдарламасына тоқталып өтті.

– ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихат депуттығына кандидаттарды сайлау өте ерекше өтейін деп отыр. Жеті партия саяси додаға түсіп жатыр. Өздерін ұсынып жатқан кандидаттар бар. Біздің партияның аты ғана өзгерген жоқ, заты да өзгерді. Түбегейлі жаңарды десек болады. Партия құрамы өзгеріп, қатарымыз жаңа адамдармен толығып жатыр. “AMANAT” партиясының жобаларының ішінде “Қайсар” деген әскери-патриоттық жоба бар. «Қайсар» партиялық жобасы жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге, еліміздің қарулы күштері қатарында қызмет етуге және Отан қорғауға дайын азаматтығы жоғары тұлғаны қалыптастыруға бағытталған. Осындай және басқа да жобалар біздің сайлауалды бағдарламамызда толықтай қамтылған, – деді Думанғазы Семейғазыұлы.

“Жастар рухы” Жастар Қанатының төрағасы Темірлан Бақтияров жастардың әскери қызметке, Отан алдындағы борышын өтеуге қызығушылығын арттыратын, отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелейтін шаралардың көптеп өтуі маңызды екеніне тоқталды.

– Сайлау науқанынан бөлек біздің мақсатымыз бір – еліміздің нығаюы, мемлекетіміздің ары қарай өркендеп, жандануына өзіміздің үлес қосқымыз келетіні. Бұл ретте өткен жылдан бастап жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын «Қайсар» атты жаңа әскери-патриоттық жоба іске қосылды. Ел қорғайтын, мемлекетімізге қызмет ететін ержүрек азаматтарды тәрбиелеуге басымдық беріледі. Бұл жоба аясында ардагер әскери адамдар мен қала жастарымен кездесу, өңірдің оқушылары мен жасөспірімдердің қатысуымен турнир өткізген болатынбыз. Біздің бес жылдық бағдарламамызда тұрғындардың отбасылық жағдайын көтеру, баспанамен, жұмыспен қамтумен қатар патриот азаматтарды тәрбиелеуге де баса назар аударылған. Сайлау науқаны аяқталғаннан кейін біз бұл жобаны ары қарай жандандыратын боламыз, – деді Темірлан Бақтияров.

Бас қосуға қатысқан алғашқы әскери дайындық оқытушылары жастардың патриоттық рухтарын ояту мақсатында ұйымдастырылатын барлық шараларға қолдау көрсететіндерін атап өтті.

«AMANAT» партиясы Абай облысы тұрғындарының үмітіне сай болу, халықтың барлық топтарының мүдделерін білдіру және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.

Абай облыстық мәслихат депутаттарын сайлауда партиялық тізімді ұсынған “AMANAT” партиясының сайлау қорының қаражатынан төленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button