ТМД елдерінің дербестігі факторын күшейту қажет – А.Мамин
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бейнеконференция байланысы режимінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) Үкімет басшылары кеңесінің (ҮБК) отырысына қатысты.
Қазақстан Үкіметінің басшысы COVID-19 таралуымен күресу, экономиканы тұрақтандыру, өндірістің жаңа құрылымын қалыптастыру, тұрғындар мен бизнесті қолдау бойынша Қазақстанның қабылдап жатқан шаралары туралы хабарлады. Бұл ретте ол ұлттық экономика деңгейінде ғана емес, тұтас ТМД аясында да дағдарысқа қарсы шараларды қабылдауды одан әрі жалғастырудың қажеттігін атап өтті.
ҚР Премьер-Министрі ұлттық экономика аясында да, сондай-ақ бүкіл Достастық форматында да дағдарыс көріністеріне қарсы тұрақтылық буферлерін ұжымдық қалыптастыруды ТМД үшін негізгі міндет ретінде атады. Бұл тұрғыда Үкімет басшысы 2030 жылға дейінгі ТМД экономикалық даму стратегиясын әзірлеу бойынша жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті, онда сауда, өнеркәсіп, энергетика, көлік, инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені, шағын және орта бизнес, цифрландыру және басқа да ынтымақтастық салалары қамтылған.
«Қалыптасып отырған динамиканы ескере отырып, елдеріміздің өзін-өзі қамтамасыз ету факторын күшейту қажет. Ең алдымен, бұл азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты – біз өнімдерді жеткізудің тұрақтылығы аз және географиялық бытыраңқы тізбегіне тәуелділікті төмендетуіміз керек», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр Достастық елдерінің пайдасы үшін тауарлар мен қызметтер саудасының ірі экспорттық және импорттық ағындарын қайта бағдарлау жөнінде шаралар қабылдаудың, сыртқы және ішкі инвестицияларды, алдыңғы қатарлы технологияларды тарту жұмыстарын күшейтудің, транзиттік саудадағы кедергілерді жүйелеудің және оларды азайтудың, ТМД-ға қатысушы елдердің экономикасының бәсекелестік артықшылықтары негізінде өндірістік процестерді өңірлендірудің қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар отырысқа Әзербайжан Премьер-Министрі Али Идоят оглу Асадов, Беларусь Премьер-Министрі – Сергей Румас, Молдова Премьер-Министрі – Ион Кику, Ресей Премьер-Министрі – Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-Министрі – Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-Министрі – Абдулла Арипов, Армения вице-премьер-министрі Мгер Григорян, Қырғызстан вице-премьер-министрі Эркин Асрандиев және Түрікменстан министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары Рашид Мередов қатысты.
Отырысқа қатысушылар ТМД аясындағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін, COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуымен күрес жөніндегі бірлескен күш-жігер, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі ТМД экономикалық даму стратегиясының жобасын талқылады.
ТМД ҮБК отырысының қорытындысы бойынша қарулы күштер байланысының бірлескен (біріктірілген) жүйесі туралы, ТМД Желілік университетін құру және іске қосу туралы келісімдер, 2030 жылға дейін көлік, жастар саясаты, туризм, спорт, мәдениет және т. б. салалардағы ынтымақтастық стратегиясы және басым бағыттар туралы шешімдер қабылданды.
Дереккөз: primeminister.kz