Білім беру жүйесін жаһандық үрдістерге бейімдеу мәселелері “Азаматтық алаңда” талқыланды
Бүгін “Азаматтық алаң” пікіралмасу платформасының кезекті жиынында қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған білім беру жүйесін, жаңа заманауи жағдайларға бейімдеу қажеттілігі мен мүмкіндіктерін талқылады.
Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар-елдің өркендеуінің берік негізі” атты Қазақстан халқына Жолдауында отандық білім мен ғылымның алдында ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. “Жаңа белестерді бағындырып қана қоймай, әрқашан бір қадам алда болу, жаңа трендтерді қалыптастыру” керек дей отыра, құзырлы мемлекеттік органдарға сапалы білім беруді қамтамасыз ету бойынша бірқатар жүйелі шараларды белгілеп берді.
“Азаматтық алаң” отырысы барысында жиынға төрағалық еткен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Есенбаев Асылбек Есімханұлы қарқынды дамып келе жатқан әлемде білім мен дағдыға деген сұраныс тез өзгеретінін, сондықтан да білім беру жүйесі жаңа үрдістерге икемді бейімделуі тиіс екенін атап өтті.
“Менің ойымша, бір қадам алда болу дегеніміз, бұл біздің жастарымыздың санасында қандай да бір кәсіптің немесе дипломның беделіне емес, осы кәсіптің қоғам үшін пайдалылығына қарай тиімді өзгеруі. Сонымен қатар, біз білім беру – тек қана Білім және ғылым министрлігі мен әкімдіктердің ғана үлесі, тек мектеп, ЖОО-дары ғана білім береді деген түсініктен алшақтауға тиіспіз. Бүгінде икемді дағдылар (soft skills) қазіргі заманғы адам дамуының ажырамас бөлігіне айналды”, – деп атап өтті Асылбек Есенбаев.
Өз кезегінде, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова қашықтықтан оқыту форматтары үшін телекоммуникациялық жүйелердің сапасын жақсартудың маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында білім саласына қатысты нақты тапсырмалар берілді. Соның бірі қашықтықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсарту. Пандемия уақыты барлығымызды өз сынына алған рас. Қашықтықтан оқыту барысында да қиындықтар болды, осыған байланысты Мемлекет басшысы “Цифрлы ұстаз” білім беру жобасын қолға алып ұстаздарға материалдық және моралдық қолдау көрсету керектігін де атап өтті. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде цифрлы жүйелерді енгізу өте орынды ұсыныс деп білемін,-деді Майра Мелдебекова.
М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің Басқарма төрағасы, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты VII шақырылымының депутаты, Нәрікбаев Талғат өз сөзінде Президенттің Қазақстан халқына жолдауында көптеген маңызды мәселелер көтерілгенін атап өтіп, қашықтықтан оқытудың тиімді тұстарына тоқталды.
– Мәселен, ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз деген мемлекет басшысы ғылым туралы заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы пәрмен берді. Бұл ертеңгі күнге салынып жатқан инвестиция деп ойлаймын. Короновирустық пандемия біздің де салаға бірқатар өзгерістер алып келді. Әлемдегі барлық жоғары оқу орындары қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Иә, қашықтықтан оқыту жүйесі біраз сыналғаны да рас, алайда қашықтықтан оқыту жүйесінің бізге берген тиімді тұстарын да айта кеткен жөн. Мысалы кезінде шет елдерден алдыртып қиналатын ғалымдармен, бүгін біз қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы ұтымды шарттармен келісіп отырмыз, – деді ол.
“Азаматтық алаңда” Нұр-сұлтан қаласының №90 гимназиясының директоры Аятжан Ахметжанұлы да өзінің тұшымды пікірлерімен бөлісті. Ол халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған дарынды балаларды қаржылай ынталандыру – өте маңызды қадам екенін атап, спорттық олимпиададағыдай, жүлдегерлерді марапаттау білім және ғылым саласында да болуы керек деді.
Сонымен қатар Аятжан Ахметжанұлы 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу бастамасын атап өтіп, бұл іс-шара ірі қалаларда ғана емес, шалғай, шекаралас аудандарда да заманауи сапалы мектептер салуы керек деді. “Бұл ішкі көші-қон тұрғысынан да маңызды. Біз өңірлердегі жастарды сапалы біліммен қамтамасыз етуіміз керек”, – деді ол.
“Азаматтық алаң” отырысында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ “Қаржы” кафедрасының меңгерушісі Күләш Сәдуақасова және де тағы да басқа сала мамандары өз тәжірбиелері мен пікірлерін ортаға салды.
“Азаматтық алаң” пікіралмасу алаңының отырыстарын ҚР АҚДМ қолдауымен “Рухани жаңғыру” қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырып келеді. Сұхбат алаңының басты мақсаты “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асырудың тиімділігін арттыру үшін азаматтық қоғам өкілдерін сындарлы сұхбатқа тарту болып табылады.