Қарағанды облысы, Шет ауданының мәдениет үйінде Бос жұмыс орындары және мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті. Жұмыссыздарға барлығы 62 жұмыс орны ұсынылды.
Жұмыс берушілер аудандық прокуратура, пробация қызметі, орталық аурухана, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жол мердігері “Сине Мидас Строй” және “Sary – Arka Copper Processing” ЖШС (тау-кен металлургия компаниясы) болды.
— Жәрмеңкеде адамдар жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, еңбек жағдайларын делдалсыз талқылай алады. Болашақта осындай жәрмеңкелерді ауданымыздың барлық елді мекендерінде өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Аманбол Амангелдин.
Сондай-ақ, аудан тұрғындары “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, атаулы әлеуметтік көмек, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға жастар мен көпбалалы отбасылар үшін өтеусіз гранттар туралы ақпарат алды.