Елордада ем қабылдаған 7 ерекше бала Атырауға арнайы бортпен ұшып келді
Ерекше баласы бар аналар ел астанасынан Атырауға арнайы бортпен келді. Олар 18 наурыздан бері Нұр-Сұлтанда оңалту курсынан өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖ режімін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабқа сілтеме жасап.
14 жолаушы мінген ұшақ Атырау халықаралық әуежайына қонды. Бортта Нұр-Сұлтаннан келген 7 ана мен 7 ерекше бала болған. Олар Республикалық балаларды оңалту орталығында емдеу курсынан өткен. Бірақ Қазақстанда төтенше жағдай енгізіліп, қала шекараларының жабылуына байланысты емдеу курсы аяқталған соң үйлеріне қайта алмай қалған.
«Туған жерімізге қайта алмай, қиындық туындаған соң мен өз атымнан және барлық аналардың атынан Атырау облыстық жедел штабына хат жазып, бізді және балаларымызды үйге қайтаруды өтіндім. Келесі күні бізге штабтан хабарласып, «ТШО» компаниясының қолдауымен «Air Astana» әуе компаниясының ұшағымен Атырауға қайттық», – дейді ерекше баланың анасы Салтанат Қонысова.
Айта кетсек, ұшып келгендердің барлығы коронавирусқа ПТР-тест тапсырып, бәрінде теріс нәтиже көрсетті.