164 түлекті ҰБТ-ға өткізбеді
Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші күнінде тест тапсыру ережесін бұзған 164 адам жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігінен айырылды. Бұл туралы ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова айтты.
«21 маусымда Ұлттық бірыңғай тестілеу еліміздің 15 өңірінде басталып, 161 пункттің 51-інде өткізілді. Оның 44-і ауылдық жерде орналасқан. Жалпы, ҰБТ-ның алғашқы күні барлығы 6 512 адам тестілеуге қатысуы керек еді. Бірақ, тестілеуге 6 186 адам келді. Яғни, 95 пайызды құрады», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, 2020 жылғы жаңашылдықтардың бірі ғимаратқа кіргізу барысында тыйым салынған заттар табылған жағдайда тестіленушінің тестілеуге жіберілмеуі болды.
«Осы қағиданы ұстана отырып, 21 маусым күні республика бойынша 73 тестіленуші ҰБТ-ға жіберілмеді. Сонымен қатар 91 тест тапсырушы ҰБТ ережелерін бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Тәртіп бұзған тестіленушінің жалпы саны 164 болды.
Олардың нәтижелері жойылып, осы жылы тестілеуге қатысу мүмкіндігінен айырылып отыр. Ал өткен жылы барлық тестілеу мерзімінде 24 тәртіп бұзу болған еді»,- деді Наужан Дидарбекова.
Орталық директорының орынбасары ҰБТ-ны сапалы және объективті өткізу мақсатында еліміздің өңірлеріне министрліктің 2 500 өкілі жіберілгендігін айтады.
«Оның ішінде 518 арнайы мониторинг тобының өкілі, сонымен қатар білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің жергілікті өкілдері де бар», – деді ол.
Дереккөз: inform.kz