Индустрияландыру картасы шеңберінде 160 жоба іске қосылады
Қазақстанда жыл сайын Индустрияландыру картасы шеңберінде жобалар іске қосылады. 2015-2019 жылдары ішінде 5,2 трлн. теңгеге 556 жоба жүзеге асырылып, 85 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.
2020 жылы 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құрылып, 1,1 трлн. теңге сомасына 160 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Индустрияландыру жылдары өңдеуші өнеркәсіптің әр саласын дамытуда айтарлықтай өзгерістер болды. Мысалы, жеңіл өнеркәсіпте шағын және орта бизнесті нақты ынталандыра отырып, сала іс жүзінде қайта жанданды. Қазіргі уақытта елімізде маталар, кілемдер, балалар және ересектер киімі, шұлық-ұйық өнімдері, аяқ киім, бас киімдер және тағы да басқалар өндіріледі. Бұл ретте импорттық өнімнің сапасы жағынан кем түспейді, кейде асып түседі. Салада 1 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Оларда 17900 адам еңбек етеді.
Химия саласында да берік іргетас қалыптасты. Сала кәсіпорындарын қалпына келтіру және жаңғырту, сондай-ақ Индустрияландыру картасы шеңберінде жаңа инвестициялық жобаларды енгізу есебінен шығарылатын өнім ассортименті кеңейді. Бұрын өндірілмеген өнімдер – каустикалық сода, натрий гипохлориті, жуғыш заттар, лак-бояу материалдарының жаңа түрлері, жарылғыш заттар, агрохимия құралдары және тағы да басқалары шығарыла бастады.
«Қазфосфат» ЖШС мен «ҚазАзот» АҚ жаңғырту фосфорлы тыңайтқыштар өндірісін 4 есеге, ал азотты тыңайтқыштар өндірісін 2 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде қазір фосфорлы тыңайтқыштарға деген қажеттілік ішкі нарықты толығымен, ал азотты тыңайтқыштарға деген қажеттілік нарықтың 50% жабады. Бүгінде калий тыңайтқыштарын өндіру бойынша үлкен перспективалар бар. Осы бағыт бойынша инвесторлар іздестірілуде.
Машина жасауда ең серпінді дамып келе жатқан сала – автомобиль жасау. 2019 жылы 50 мыңнан астам автомобиль өндірілді. Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша 23 мыңнан астам автомобиль шығарылды. Биыл Алматыда орналасқан, қуаты жылына 30 мың автомобиль болатын «HyundaiTransKazakhstan» ЖШС кәсіпорнында жеңіл автомобильдер шығаратын тағы бір өндіріс іске қосылады.
Дереккөз:gov.kz/memleket/entities/miid