Алибек Куантыров Ұлытау облысындағы инвестициялық жобаларды талқылады

Ұлытау облысына ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров жұмыс сапарымен келді
Сапар барысында облыс әкімінің төрағалығымен өткен өңірлік инвестициялық штаб отырысына қатысып, аймақтың инвестициялық ахуалы мен басым жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Жиын барысында инвестициялық қызметтің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, сұйытылған газ өндіру зауытын салу жобасын іске асыру үшін қажетті газ көлемін бөлу мәселесі көтеріліп, шешу жолдары қарастырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі нақты тапсырмалар беріп, жауапты мемлекеттік органдарға инвестициялық жобаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді жүктеді.
Іссапар аясында Әлібек Қуантыров өңірдегі бірқатар өндіріс нысанын аралады. Атап айтқанда, «Ютария» ЖШС тігін фабрикасының жұмысы мен «Samadi A group» ЖШС жүзеге асырып жатқан жылдық сыйымдылығы 10 мың тоннаға дейінгі көкөніс сақтау қоймасының құрылысы таныстырылды.
«Ютария» фабрикасы – кең ассортименттегі тігін өнімдерін шығаратын, 900-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған заманауи өндіріс орны. Ал көкөніс сақтау қоймасы өңір тұрғындарының азық-түлік өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба. Нысан құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.



