Главные новостиОбществоПолитикаЭкономика
Trending

КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ – ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУІНЕ ЖОЛ АШАДЫ

Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға және халықаралық сауда қатынастарын кеңейтуге бағытталған маңызды стратегиялық міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында көлік инфрақұрылымын жаңғырту, транзиттік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және заманауи логистикалық жүйені қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Географиялық орналасуы жағынан Еуразия құрлығының маңызды бағыттарының тоғысында тұрған Қазақстан үшін көлік саласының маңызы ерекше. Ел аумағы арқылы өтетін автомобиль және теміржол бағыттары ішкі нарықтың дамуына ғана емес, халықаралық жүк тасымалының көлемін арттыруға да мүмкіндік береді. Осы ретте жолдардың сапасын жақсарту, өткізу қабілетін арттыру және көлік қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың қатарында.

Бұл міндеттер Ұлытау облысы үшін де өзекті. Өңірдің республикалық маңызы бар көлік бағыттарының бойында орналасуы оны орталық, оңтүстік және батыс аймақтарды байланыстыратын маңызды буынға айналдырады. Сондықтан облыста автомобиль жолдарын қайта жаңғырту, теміржол қатынасын жетілдіру және әуе тасымалын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Облыстың автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы 2 711,7 шақырымды құрайды. Өңір құрылғаннан бері 456,3 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Ал 2026 жылы 120 шақырым автомобиль жолында қайта жаңғырту және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартуға және өңірдің көлік қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.

Өңір үшін соңғы жылдардағы ең маңызды жобалардың бірі – Қызылорда – Жезқазған автомобиль жолын қайта жаңғырту. Жалпы ұзындығы 400 шақырымға жуық бұл жол оңтүстік және орталық өңірлер арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Оның 208 шақырымы Ұлытау облысының аумағынан өтеді.

2026 жылғы 23 қарашада аталған жолдың Ұлытау облысындағы соңғы 208 шақырымдық учаскесінде көлік қозғалысы ашылды. Осылайша, Қызылорда – Жезқазған бағытындағы қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталды.

Жоба аясында ауқымды құрылыс жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, шамамен 4 миллион текше метр жер жұмыстары жүргізіліп, 1,3 миллион тонна асфальтбетон төселді. Сонымен қатар төрт көпір, 78 су өткізгіш құбыр және мал айдауға арналған 18 өткел салынды. Құрылыс жұмыстарына 1 200-ге жуық маман мен 800 бірлік техника жұмылдырылды.

Жаңартылған жолдың пайдалануға берілуі өңір тұрғындары мен жүк тасымалдаушылар үшін маңызды оқиға болды. Бұған дейін жолдың техникалық жағдайы көлік қозғалысын қиындатып келген еді. Енді жол жүру уақыты қысқарып, жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігі және қолайлылығы арта түседі. Сонымен қатар бұл бағыт өңіраралық сауда байланыстарын дамытуға, кәсіпкерлік қызметті жандандыруға және туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Келесі ірі жоба – Жезқазған – Қарағанды автомобиль жолын қайта жаңғырту. 2026 жылғы 30 маусымда жалпы ұзындығы 572 шақырымды құрайтын жобаның құрылысына ресми түрде бастау берілді. Оның 335 шақырымы Ұлытау облысының аумағы арқылы өтеді. Жобаны 2029 жылы аяқтау жоспарланған, ал құрылыс қарқынын жеделдету арқылы оны 2028 жылы пайдалануға беру мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

Бұл жолдың стратегиялық маңызы зор. Ол Ұлытау облысын Қарағандымен және еліміздің басқа да ірі экономикалық орталықтарымен байланыстырады. Жол сапасының жақсаруы жүк көліктерінің қозғалысын жеңілдетіп, өндірістік кәсіпорындардың логистикалық шығындарын азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ өңірге инвестиция тарту және жаңа өндірістік жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.

Бұдан бөлек, Ұлытау – Арқалық бағытындағы автомобиль жолдарын жөндеу, Жезқазған – Сәтбаев, Сәтбаев – Ұлытау және Жәйрем – Қаражал бағыттарындағы жол учаскелерін жаңарту мәселелері де өзекті болып отыр. Әсіресе Малшыбай – Сәтбаев автомобиль жолының 63 шақырымдық учаскесін қалпына келтіру өңірдің әлеуметтік-экономикалық және туристік дамуы үшін маңызды. Бұл бағыттар елді мекендер арасындағы байланысты жақсартып, тұрғындардың әлеуметтік нысандарға, қызмет көрсету орындарына және көршілес аудандарға қатынауын жеңілдетеді.

Көлік инфрақұрылымын дамытуда жолдардың сапасымен қатар олардың сақталуына да ерекше назар аударылады. Ауыр жүк көліктерінің белгіленген салмақ нормаларын сақтауы – жолдардың ұзақ мерзімді пайдаланылуының маңызды шарты. Осыған байланысты өңірде салмақтық бақылауды күшейту және автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату мәселелері қарастырылуда.

Автомобиль жолдарымен қатар теміржол саласын дамыту да облыстың көлік-логистикалық жүйесінде маңызды орын алады. Ұлытау облысының өндірістік ерекшеліктерін ескерсек, теміржол тасымалы кен өндіру, металлургия және өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметі үшін ерекше маңызға ие. Теміржол инфрақұрылымын жетілдіру жүк жеткізу мерзімдерін оңтайландыруға және кәсіпорындардың көлік шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.

2026 жылғы 23 қарашада өңірде өткен көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған кеңесте теміржол саласындағы бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, жолаушылар вагондарын жаңарту, пойыздардың жүру кестесін қайта қарау, Жезқазған мен Қаражал қалалары арасында тікелей теміржол қатынасын ұйымдастыру, сондай-ақ теміржол вокзалдары мен станцияларды одан әрі жаңғырту мәселелері қарастырылды.

Бұл бастамалар жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, өңір ішіндегі және өңіраралық қатынасты жақсартуға бағытталған. Әсіресе тікелей теміржол қатынасын ұйымдастыру мәселесі тұрғындар үшін көлік қолжетімділігін арттыру тұрғысынан маңызды.

Әуе қатынасын дамыту да Ұлытау облысының көлік жүйесін жетілдірудегі перспективалы бағыттардың бірі. Жезқазған әуежайының инфрақұрылымын жаңғырту, қолданыстағы рейстердің жиілігін арттыру және жаңа бағыттарды ашу мәселелері қарастырылуда. Атап айтқанда, Түркістан мен Балқаш қалаларына жаңа әуе бағыттарын ашу, Шымкент және Қарағанды қалаларына рейстер санын көбейту мүмкіндіктері талқыланды.

Әуе қатынасының кеңеюі облыстың басқа өңірлермен байланысын жеңілдетіп қана қоймай, іскерлік сапарлар мен туризмнің дамуына да оң әсер етеді. Бұл әсіресе өңірдің тарихи-мәдени нысандарына қызығушылық танытатын туристер үшін маңызды.

Жалпы алғанда, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту – Ұлытау облысының экономикалық әлеуетін толық пайдаланудың негізгі шарттарының бірі. Сапалы жолдар, тиімді теміржол қатынасы және қолжетімді әуе тасымалы өңірдің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, кәсіпкерлік пен инвестициялық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.

Көлік саласындағы жобалар тек жол қатынасын жақсартумен шектелмейді. Олар жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қызмет көрсету саласының дамуына, ауылдық елді мекендердің қолжетімділігінің артуына және халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына негіз болады.

Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында Ұлытау облысында көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту жұмыстары жалғасын табуда. Бұл бастамалар өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, оны Қазақстанның маңызды экономикалық және логистикалық орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button