
Бүгін Ұлытау облысында еліміз бойынша алғашқы Әуе құтқару жасағы салтанатты түрде ашылып, өңірдің төтенше жағдайларға дайындық деңгейі жаңа деңгейге көтерілді. Сонымен қатар облыс орталығы – Жезқазған қаласында жаңа өрт сөндіру бөлімшесі іске қосылды. Арнайы күнде аймақтық төтенше жағдайларға ден қою әлеуетін арттыру мақсатында қызметкерлерге жаңа техника кілттері және бірқатар сала қызметкерлеріне қызметтік пәтерлердің кілттері табыс етілді.
Салтанатты шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов және «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев арнайы қатысып, өңірдегі төтенше жағдайларға қарсы іс-шаралардың жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құттықтау сөзінде жаңа нысандардың ашылуы – өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам екенін айтты. Ол Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Қазақмыс» корпорациясына көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдірді:
«Мемлекет басшысы өңірлердің қауіпсіздігін күшейтуге ерекше мән беріп келеді. Бүгін ашылып отырған Әуе құтқару жасағы мен жаңа өрт сөндіру бөлімшесі – осы бағыттағы нақты қадам. Бұл – біздің тұрғындарымыздың қауіпсіздігі мен өмірін қорғауға арналған маңызды инвестиция», – деді облыс басшысы.
Министр Шыңғыс Арынов өз сөзінде өңірде әуе құтқару инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасатынын атап өтті:
«Осы үлгідегі жабдықталған тікұшақ ангарларын еліміздің басқа өңірлерінде де ашу жоспарланып отыр. Алғашқы нысанның дәл Ұлытау облысында іске қосылуы – орталық өңірге көрсетілген үлкен қолдау әрі еліміздің төтенше жағдайларға қарсы даярлығын күшейтуге бағытталған нақты қадам», – деді министр.
Салтанатты іс-шара барысында төтенше жағдайлар саласындағы қызметкерлер, сондай-ақ өңірдің белсенді азаматтары арнайы төсбелгілермен, алғысхаттармен марапатталды. Бұл – өңірде патриоттық және қоғамдық жауапкершілік қағидаттарын насихаттау, тұрғындардың қауіпсіз өмір сүру жағдайларын жақсарту бағытындағы маңызды қадам.
Айта кету керек, биыл Төтенше жағдайлар министрлігі Ұлытау облысына заманауи жабдықталған тікұшақ тарту етті. Бұл өңірдің төтенше жағдайларға жедел ден қою қабілетін бірнеше есе арттырып, қауіпсіздік жүйесін нығайтуға зор мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жаңа бөлімшелердің ашылуы жастарды және жергілікті тұрғындарды қызметке тартуға, еңбекке баулу мен патриоттық тәрбиеге үлес қосатын шара ретінде қарастырылып отыр.
Осылайша, Ұлытау облысы еліміздегі төтенше жағдайларға қарсы қорғаныс инфрақұрылымын жетілдіруде көшбасшы өңірлердің бірі болып табылады. Ашылған нысандардың тиімді жұмысы өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын, азаматтардың сенімін және еңбекке деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты қадам болып есептеледі.



