Ұлттық ұлан жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан сарбаздарды еске алды

Осыдан 31 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасында болған әскери қақтығыс барысында 17 қазақ сарбазы қаза тапқан. Осыған орай, Өскемен қаласындағы Славский жағалауында орналасқан Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған монументте оларды еске алуға арналған тағылымдық іс-шара өтті.
Шара барысында шейіт болған жауынгерлердің рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланады. Қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ерлікпен қаза тапқан сарбаздардың есімін құрметпен еске алады.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, ерлік пен отаншылдық құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген ұландықтардың рухын асқақтату. Жиын барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев сөз сөйлеп, қаза тапқан жауынгерлердің ерлігі мен қайсарлығына тоқталды.
Сонымен қатар, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Айдар Оразбаев ардагерлерге алғыс хаттар табыстады. Іс-шараға тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген ардагерлер, сондай-ақ «Жас Бүркіт» кадеттер қозғалысының мүшелерімен қатар, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Өскемен қаласындағы үш әскери бөлімнің жеке құрамы қатысты.
Аталған тағылымдық шара жыл сайын өткізіліп, қала мектептерімен бірлесіп ұйымдастырылады.



