Ұлытау облысында қауіпсіздік пен еңбек адамын қолдауға бағытталған жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды

Ұлытау облысында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтық қорғау саласында еңбек ететін мамандардың жұмыс жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Қаражал қаласында №3 өрт сөндіру бөлімі салтанатты түрде ашылды.
Іс-шараға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысып, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін күнделікті жауапты қызмет атқарып жүрген өрт сөндірушілерді жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады.
Жаңа өрт сөндіру бөлімі заманауи өрт сөндіру техникаларымен толық жабдықталып, қызметкерлердің жедел әрі тиімді жұмыс істеуіне барлық қажетті жағдай жасалған. Бұл нысан төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып қана қоймай, азаматтық қорғау саласындағы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге де ықпал етеді.
Өз сөзінде облыс әкімі Дастан Рыспеков қауіпсіздік саласында еңбек ететін мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ жыл соңына дейін Жезқазған және Сәтбаев қалаларында да жаңа өрт сөндіру бөлімдерінің ашылуы жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл өз кезегінде өңірде жаңа жұмыс орындарын құруға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Шара барысында Қаражал қаласының әкімі Айхын Елеусізов азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін министрліктің «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өз сөзінде жаңа өрт сөндіру бөлімінің жоғары талаптарға сай салынғанын атап өтіп, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер үшін лайықты еңбек жағдайын жасау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Оның айтуынша, қалалар мен ауылдарда бірдей әрі қолжетімді қауіпсіздік инфрақұрылымын қалыптастыру – басты міндеттердің бірі.
Салтанатты рәсім соңында облыс әкімі мен Төтенше жағдайлар министрі жаңа нысан ауласында шырша ағашын отырғызып, бұл қадамды өңірдің тұрақты дамуы мен қауіпсіз болашағының символы ретінде атап өтті.



