ШҚО-да толық автоматтандырылған ферма жұмыс істей бастады

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін ауқымдау аясында Шығыс Қазақстан облысында мал шаруашылығы мен сүт-тауарлы фермаларды дамыту бағытында бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ерекше қызығушылық тудырған жоба – Ұлан ауданында орналасқан «Украинка» шаруа қожалығы базасында іске асырылған толық автоматтандырылған ферма.
Ферма екі корпустан тұрады, олардың құрылысы 2024 жылы басталған. Әр корпус 250 ірі қара малға есептелген.
– Бір корпус қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, төрт робот өз функциясын атқаруда. Әрқайсысы тәулігіне 60-70 бас малды сауады, – деді «Восток-Молоко» корпорациясының өкілі Серік Сағандыков. – Екінші корпус кезекте тұр, ол күз-қыс мезгілінде іске қосылады.
Айта кету керек, роботтар арқылы сауу процесі адам араласуын қажет етпейді. Мал өздігінен сауу боксына кіреді, мұнда жануардың идентификациясы жүзеге асады. Содан кейін робот сиырдың желінін өңдеп, тазалап, сауу стакандарын қосады. Арнайы датчиктер сауу процесін, сүт беру жылдамдығын және басқа да параметрлерді бақылап, әр жануарға барынша оңтайлы жағдай жасайды.
Жануарларды бокстарға айдап кіргізудің де қажеті жоқ – жануарлар ол жерге өздері келеді. Бұл да автоматтандырылған процесс. Ортақ стойла қоршаулармен жабдықталған, олар арнайы дәліздер құрайды. Әрбір сиырдың мойнында оның барлық деректері, соның ішінде сауу уақыты жазылған қарғыбау бар. Егер жануардың сауу уақыты келсе, жүйе бұл ақпаратты оқиды және қажетті есіктерді ашып, сиырды роботқа «ертіп апарады». Уақыты келмесе, жүйе оны басқа аймақтарға бағыттайды, сәйкесінше қажетті есіктерді ашады.
– Мұны «ерікті сауу» деп атайды. Сиырлар айналып жүреді, – деді ферманың басшысы Нұрболат Социалов. – Малға жайлы жағдай жасалған. Тазалау автоматты түрде жүргізіледі. Вентиляторлар орнатылған. Тіпті арқа қасуға арналған құрылғы да бар.
Роботтандырылған ферма тәулік бойы, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Мұндай тәсіл жұмыстың да, өнім сапасының да артуына мүмкіндік береді. Мысалы, адамға қарағанда, робот сауу процесін уақытынан бұрын тоқтатпайды. Сонымен қатар, алғашқы сүт ағынынан кейін ол сүтті талдаудан өткізеді. Егер сиырда қандай да бір ауру анықталса, сүт бірден утилизацияға жіберіледі.
Автоматтандыру агроөнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазіргі кәсіпкерлердің негізгі мәселелерінің бірі – жұмыс күші тапшылығын шешуге көмектеседі. Ауыл шаруашылығы саласында кадр жетіспеушілігі байқалады. Сауыншылар мен малшыларды табу жыл сайын қиындап барады.
– Бізде бір ауысымда бір оператор, бір малшы және бір басқарушы жұмыс істейді. Егер процесс автоматтандырылмаған болса, бізге 20-30 қызметкер қажет болар еді, – деді Серік Сағандыков.
Жобаның жалпы құны шамамен 2,7 миллиард теңге. Қарыз қаражатының көлемі – 1,5 миллиард теңге. Несие АҚ «СПК «Ертiс» тарапынан берілген. Фермаға «DeLaval» фирмасының жабдықтары орнатылған.