Новости

Биыл 18 млрд теңгеге 2 мыңнан астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылады

Биыл 18 млрд теңгеге 2 мыңнан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халық алдында есеп беру кездесуінде айтты.

Аида Балаева биыл қараша айында IX Азаматтық форумы өтетінін айтып өтті.

«Тұрақты платформалар жүйелі негізде жұмыс істейді. ASAR — үшжақты серіктестік платформасы, ҮЕҰ-мен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесі және қоғамдық кеңестердің мәжілісі. 2020 жылдың қараша айында біз Қазақстанның IX Азаматтық форумын өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді министр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі баяндамасында үкіметтік емес сектор әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекеттің сенімді серіктесі екенін тілге тиек етті. 

«Осыған байланысты Министрлік үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау тетіктерін дамыту арқылы оның тұрақтылығын арттыруға жұмыс жасайды. Жалпы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру аясында әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2016 жылдан бастап гранттық қаржыландыру 9 еседен астамға өсті (208 миллионнан 1,9 миллиард теңгеге дейін). Ал биыл мемлекеттік сатып алулар аясында мемлекеттік органдар жалпы сомасы 18 млрд теңгеге 2 мыңнан астам әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр», — деді Аида Балаева. 

Оның айтуынша, азаматтық қоғамның жүйелі дамуын қамтамасыз ету үшін министрлік үкіметтік емес сектордың белсенді қатысуымен кешенді шаралар әзірлеп, оларды мемлекеттік органдарда бекітіліп жатқан 2025 жылға дейінгі Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының жобасына енгізілгенін атап өтті.

«Осы Тұжырымдама аясында азаматтық дамудың институционалды негіздерін құру бойынша жүйелі шаралар қарастырылған. Біріншіден, бұл қоғамдық кеңестер, еріктілік, қайырымдылық, делдалдық, коммерциялық емес ұйымдар және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша нормативтік актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңнамалық бастамалар. Олардың дамуына үкіметтік емес сектор мен сарапшылар қауымдастығы белсенді қатысады», — деді министр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button