13

Мақтаарал ауданының орталығынан бір түнде 12 мыңға жуық адам көшірілген

Төтенше жағдай қалыптасқан Мақтаарал ауданының орталығынан бір түнде 12 мыңдай адам көшірілген. Мырзакентке сарқынды судан қауіп төнгендіктен билік осындай қадамға барып, тұрғындар түнімен Атакент кентіне тасымалданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, халықтың көшуін қамтамасыз ету мақсатында 68 автобус бөлінген. Атакенттегі оқшаулау орындарына жеткізілген тұрғындарға қажетті көмек көрсетілуде. Ең алдымен оқшаулау орындарына барған тұрғындар есік алдындағы медицина мамандарының арнайы блокпостына біртіндеп тіркеліп, коронавирус індетін анықтау құрылғысымен дене температурасы тексерістен өткізілген. Содан кейін ғана оқшаулау орындарына жіберілген.

Айта кетейік, кеше түске дейін Мақтаарал ауданында орын алған жағдайға байланысты 2243 азамат қауіпсіз аймаққа көшірілсе, түстен кейін су басу қаупі басым болған Нұрлы жол мен Фредауси ауылдарынан 415 үйдің 3200-ден астам тұрғыны қауіпсіз аймаққа шығарылды. Ал, түнгі сағат 23:00-де Мырзакент кентінің тұрғындарын көшіру жұмыстары басталып кетті. Себебі, сарқынды су Мырзакент кентінің іргесіне жақындап қалған болатын.

 

«Арнайы штаб келісімімен халықты көшіру туралы шешім қабылданды. Төтенше жағдайға байланысты ауданда 18 эвакуациялық орындар нақтыланып, олар Атакент, Мақтарал, Жамбыл елдімекендерінде әзірленді. Апаттан құтқару жұмыстарына 630 адам мен 2 су көлігі және 56 техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда қауіпті аймақтағы азаматтар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру шаралары ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға Келес, Жетісай, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімдіктері атсалысып жатыр. Десек те, ауданда су басып қалу қаупі бар ауылдар да әлі де аз емес. Солардың бірі – Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Фердоуси елдімекені. Қазіргі таңда ауыл ортасындағы «Фердоуси» жалпы орта мектебінің аумағына су көтерілген» делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, зерделеу, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде су тасқыны кезінде Жаңа жол мен Еңбекші ауылдық округтеріндегі 3 елдімекенде 1682 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары зардап шекені анықталып отыр. Алдын ала болжам бойынша 181,1 млн теңгенің шығыны есептелген.

 

Атап айтқанда, 1480 гектар мақта – 148 млн теңгеге, 42 гектар жоңышқа – 2,1 млн, 150 гектар бақша – 30 млн, 10 гектар жүгері – 1 млн теңгелік шығынға ұшарады деп болжануда. Сондай-ақ, аталған 4 елдімекенде 5335 мал басы тіркеліп, оның ішінде 799 мал басы зардап шегіп, 249 млн шығынға ұшараған. Оның 328-і – ірі қара, 361-і – ұсақ мал, 53-і – жылқы, 57-сі – түйе. Мақтааралдан – 46, Жетісайдан – 10, Шардарадан – 5, барлығы 61 ветеринар дәрігер Жантақсай, Фердоуси елді мекендеріндегі 3686 малды эвакуациялау жұмыстарын толық аяқтады.

Дегенмен су басып қалған аймақтарда қанша малдың суға кеткенін нақты анықтау әзірге мүмкін болмай отыр. Өйткені су басқан аймаққа кіру мүмкін емес.

Мамандардың айтуынша, бұзылған дамбадан келіп жатқан қашыртпа судың көлемі азаймауда. Сол себепті төтенше жағдай саласының мамандары су басқан ауылдардағы су деңгейінің нақты қандай деңгейге көтерілгеніне көз жеткізу үшін тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізуге кіріскен.

 

Естеріңізге сала кетейік, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты.

Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Кеше Мақтааралдағы орталық коллектордан су сыртқа жайылып, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті. Облыстық маңызы бар «Мырзакент – Жеңіс – Жаңа тұрмыс» автомобиль жолын су басып, көлік жүре алмауда. Төрт ауылдан 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Сондай-ақ Түркістан облысында су тасқыны қаупі төнген 3 ауылдың халқы эвакуацияланып жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халықты сабырға шақырып, төтенше жағдайды реттеуге аймақтың толық мүмкіндігі бар екенін айтты.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button