Қоғам

Елге оралған қандастарымызға құжат рәсімдеу процесі жеңілдетілді

Елге оралған қандастарымызға құжат рәсімдеу процесі жеңілдетілді. Бұл туралы ҚР президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халық алдында есеп беру кездесуінде айтты.

Министр шетелдегі қазақтар мен елге оралған қандастар мәселесіне тоқталды. Оның сөзінше, бұл бағыттағы барлық сұрақтарды шешу үшін қазір “Отандастар” қорымен бірлесе отырып, бірқатар жобаларды қолған.

“Өздеріңіз білесіздер, Үкімет тарапынан бекітілген “2018-2022 жылдарға арналған этникалық қазақтарды қолдау жоспары” бар. Оның аясында шетелдегі қазақтардың қатысуымен көптеген мәдени-гуманитарлық іс-шаралар өткізіліп келеді. Ал енді, елге оралған қандастарымызға құжат рәсімін анағұрлым жеңілдетіп, “бір терезе” принципін енгізіп отырмыз. Осының арқасында қазір қандастар 5-6 мемлекеттік мекемені аралап табан тоздырмай, барлық шаруасын бір жерден шешетін болады. Оларға қажет құжаттардың саны да екі есеге ықшамдалып, рәсімдеу уақыты 6 айдан 3 айға қысқарады”, – деді министр.

Сондай-ақ оның сөзінше, қандастардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қолдау мәселесі де жылдан жылға шешіліп келеді.

“Қазір олар елімізде іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға енгізілетін болады. Азаматтық алғысы келетін қандастарымызға арналған “Отандастарды ақпараттық қолдау орталығы” құрылып, оған былтырдың өзінде 5 мыңға жуық өтініш түсті. Өз кезегінде, “Отандастар” қорымен бірлесіп қазақтар көп шоғырланған шет елдерде Қазақ мәдени-іскерлік үйлері ашылатын болады. Бұл ең алдымен Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Германия мен Түркия сияқты елдерге қатысты. Тіл оқыту мәселесіне келсек, қазірдің өзінде 12 елдің 23 қаласында 31 қазақ сыныптары онлайн режимде ашылды. Осы жылы бұл елдерде 2,5 мыңнан аса балалар ана тілін оқитын болады”, – деді Аида Балаева.

Ілмектер

Бас редактор janalyq.kz

janalyq.kz платформасының бас редакторы

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close
Close