Спорт

Футболдан Қазақстан чемпионаты қашан жалғасады?

Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы – OLIMPBET футболдан Қазақстан чемпионатының жаңарған күнтізбесін ұсынды.

Мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен ел чемпионаты 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап жалғасады. Чемпионатты жалғастырудың басты шарты – ойын кезінде коронавирустың таралуына жол бермеу, алдын алудың арнайы нұсқаулығын сақтау.

«Аталған арнайы құжатқа енгізілген санитарлық талаптар республиканың бірнеше облысындағы тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты күшейтілді. Ойындар көрерменсіз өтеді, жарыс кезінде қызмет ететін адамдардың саны шектеулі болады. Турнир күнтізбесін Қазақстан футбол федерациясы атқарушы комитетінің мүшелері бекітті. Бірінші және Екінші лига командалары арасындағы біріншіліктер және ҚР Кубогы 2020 жылдың 1 тамызынан кейін басталады» делінген Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар, «Астана» клубы Чемпиондар Лигасының алғашқы іріктеу кезеңін 2020 жылдың 18-19 тамызында бастайды. Осы жылы іріктеу кезеңінің өткізілу жүйесінде айтарлықтай өзгерістер бар. Плей-офф кезеңіне дейінгі барлық кездесулер бір ғана ойынның нәтижесінде шешіледі. Алғашқы кезеңнің жеребесі 9 тамыз күні өтеді.

Дәл осы күні елордалық клуб ойынның қайда өтетінін және қай командаға қарсы ойнайтынын нақты біледі. Футболдан Қазақстан чемпионатының күнтізбесін мына сілтемеден көруге болады.

Бұған дейін футболдан Қазақстан біріншілігін жалғастырудың екі жоспары ұсынылғаны хабарланған еді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button