Саясат

Мәжілісте салық салу, цифрландыру, экология мәселелері қаралды

Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында көлік салығы, 5G байланысына қатысты жеңілдіктер, кәсіпкерлік салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері қаралды.

Мәжіліс депутаттары қатты тұрмыстық қалдықтарды өртеу жолымен қайта өңдеп, одан электр энергиясын алу үшін құқықтық база құруды ұсынған болатын. Бұл ұсыныс бірінші оқылымда мақұлданған еді. Енді заң жобасының екінші оқылымында осы шараларды іске асыру барысында туындайтын құқықтық мәселелер, құқықтық нормалардың редакциясын жақсартуға және оларды талаптарға сәйкес келтіруге бағытталған бірқатар түзету қарастырылды.

Мәжіліс депутаты Құралай Қаракен Заң жобасына депутаттар бастамашылық жасағанын атап өтті. Оның айтуынша өртеуге қайта өңдеуге жатпайтын қалдықтардың бір бөлігі ғана кіреді. Сондай-ақ, ол Қазақстанда шамамен жыл сайын 5 млн тонна қалдық пайда болып, олардың тек 15 пайызы қайта өңделетінін, осы міндетті іске асыру үшін бүкіл әлемде қоқыс жағатын кешендер жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Мәжілісмен Шавхат Өтемісов бұл шаралардың экологиялық және экономикалық пайдасы көптігін айтты.

«Аталмыш Заң жобасы бір оқпен екі қоянды атуға мүмкіндік беретін мәселеде зор көмегін тигізеді. Бірінші оқылымда талқылаған кезде ол қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату үшін құқықтық база қалыптастыру мақсаты бары айтылды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды термиялық жолмен өңдеу арқылы электр энергиясын алу шараларын реттейтін болады. Бұның экологиялық және экономикалық та пайдасы бар», – деді Шавхат Өтемісов.

Сонымен қатар мәжілісте көлік салығының төлеу мерзімі сөз болды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов салық төлеушілерге қолайлы болу мақсатында көлік салығын төлеу мерзімін биылғы 31 желтоқсанынан келесі жылдың 1 сәуіріне ауыстыруды ұсынды

Осыған дейін мәжілістегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарастыруға қатысты өткен бірінші оқылымында салық салу объектісі, салық базасы, мөлшерлемесін, есептеу және төлеу тәртібі) өзгертпей жеке тұлғалардың мүлік және жер салықтарын біріктіру ұсынылған болатын. Енді 2 салық бірыңғай төлеммен төленіп, көппәтерлі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығын алып тастау ұсынылды.

Депутаттар халыққа қолайлы болу үшін көлік құралдары салығын төлеу мерзімі енді жыл соңына дейін төлеуді міндеттемейді. Көлік иелері бұдан былай көлік салығын келесі жылдың 1 сәуіріне дейін төлеуі мүмкін.

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 5G жаңа байланыс түрін құруға қатысты жеңілдіктер туралы ақпар берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button