01ДенсаулықҚоғам

Карантин талаптарын бұзғандар көше видеокамераларымен анықталады

Сенбі, жексенбі күндері Нұр-Сұлтан қаласында күшейтілген карантин талаптарын бұзған тұрғындар көше видеокамералары арқылы анықталып отырады.

Қазақстанның бірқатар өңірінде эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне және коронавирус инфекциясына шалдыққандар санының артуына байланысты Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия 20-21 маусым күндері қосымша шектеу шараларын енгізген болатын.

Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласында демалыс күндері барлық сауда, ойын-сауық-орталықтарының, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарларының, дүкендердің жұмысы тоқтатылды. Жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне, медициналық қызмет алуға баруды қоспағанда, азаматтардың үйден шығуына шектеу қойылған. Қала тұрғындары қызметіне рұқсат етілген нысандарға жұмысқа барып-келуіне болады.

Полиция департаментінен мәлім еткендей, сенбі-жексенбі күндері полицейлердің қызметі күшейтілген режимге көшірілді.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Бас санитарлық дәрігер талаптарының сақталуына мониторинг үздіксіз жасалуда. Сонымен қатар бұл жұмыстарға iKOMEK мониторинг және жедел әрекет ету орталығы жұмылдырылған.

iKOMEK-ке интеграцияланған қалалық видеобақылау камераларының көмегімен тұрғын үй аулаларына, саябақтарға, скверлер мен басқа да қоғамдық орындарға мониторинг жасалып, карантин талаптарын бұзушылар анықталып жатыр. Тіркелген деректер жедел түрде Полиция департаментіне жолдануда. Өз кезегінде тәртіп сақшылары елорда тұрғындары мен қонақтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

«Енгізіліп отырған шектеу шаралары эпидемиологиялық ахуалды жақсартып, коронавирус инфекциясының таралуын бәсеңдетуге бағытталғанын айтып өткен жөн.

Қаланың барлық тұрғындары мен қонақтарын әлеуметтік жауапкершілік танытып, асқан қажеттіліксіз үйден шықпауға және санитарлық нормаларды сақтауға шақырамыз», – делінген ПД ақпаратында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button