09Қоғам

«Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал» жолында 3 бағыт бойынша қозғалыс ашылады

2020 жылдың 16-17 маусымында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиевпен бірлескен жұмыс сапары барысында Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы «Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал» бағыты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Бұдан бөлек, «Меркі-Бурылбайтал-Күрті» автомобиль жолының учаскелерінде қайта жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлік ұйымдар басшыларының баяндамасы тыңдалды.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары республикалық маңызы бар автомобиль жолының толық бойында жүргізіліп жатыр. Мұндағы жұмыстарға 4 мың адам, жолшыларды жол-құрылыс материалдарымен, азық-түлікпен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету шараларына 10 мыңнан астам адам жұмылдырылған.

Осы ретте жұмыс сапарының алғашқы күнінде ұзындығы 363 шақырымды құрайтын «Қарағанды-Балқаш» жобасы аясындағы жұмыстардың барысы тексерілді. Жобаның мердігерлері – «СП КазГерСтрой» және CITIC Construction Co.Ltd компаниялары. Реконструкциядан өткен соң жол 4 жолағы бар I-б техникалық санаттағы жолға сәйкестендірілмек. Қазіргі кезде нысанда техниканың шамамен 900 бірлігі мен 1,6 мың адам жұмыс істеуде.

Екінші кезекте Үкімет өкілдері «Балқаш-Бурылбайтал» автомобиль жолының учаскесіне барды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарымен жолдың 288 шақырымы қамтылған. Жұмыстарды Синохайдро және СП Колин / СМС компаниялары жүзеге асыруда. Жобаға сәйкес жол 4 жолағы бар І-б техникалық санаттағы жолға сәйкестендірілетін болады. Нысандағы қайта жаңарту жұмыстарына техниканың 600-ге тарта бірлігі мен 1 мың адам жұмылдырылған.

Екінші күні ұзындығы 228 шақырымды құрайтын «Күрті-Бурылбайтал» жолында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы таныстырылды. Қайта жаңарту жұмыстарын Синохайдро, Тодини / СМС, Аккорд компаниялары жүргізуде. Реконструкциядан өткен соң жол 4 жолағы бар I-б техникалық санаттағы жолға сай болмақ. Қайта жаңарту жұмыстарына техниканың 500-ге тарта бірлігі мен мыңнан астам адам жұмылдырылған.

Сонымен қатар, ұзындығы 266 шақырымды құрайтын «Меркі-Бурылбайтал» автомобиль жолында қайта жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатқан China Xingxing Construction және «АБК-Автодор НС» ЖШС компаниялары басшыларының баяндамасы тыңдалды. Жолдың 89 шақырымдық «Меркі-Шу» учаскесі 4 жолағы бар І-б техникалық санаттағы, ал 177 шақырымдық «Шу-Бурылбайтал» 2 жолағы бар ІІ техникалық санаттағы жолға сәйкестендірілмек. Учаскені қайта жаңарту жұмыстарына техниканың 650-ге жуық бірлігі мен 1,5 мың адам жұмылдырылды.

Жұмыс сапары жиындар өткізіліп, өндіріс қарқынын арттыру және қосымша жұмыс күші мен техниканы жұмылдыру туралы тапсырмалар берілді. Эпидемиологиялық жағдай есепке алына отырып, жолшылардың алдына қозғалысты жолдың толық бойында ашу міндеті қойылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button