Басты жаңалықДенсаулық

Денсаулық сақтау министрі коронавирус жұқтырды

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырды.

Министр бұл жайында өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Достар, өздеріңізге жағымсыз жаңалық жеткізуіме тура келіп отыр. Коронавирусқа тапсырған соңғы тест нәтижесі нашар шықты, менен де ауру анықталды. Өкінішке қарай, мендегі симптомсыз форма емес, сондықтан жұқпалы аурулар ауруханасында жатырмын. Санитарлық шараларды қатаң сақтағаныма қарамастан, бұл індет мені де айналып өтпеді. Әсіресе, қашықтан, үйде отырып жұмыс істей алмайтын қызметкерлерге қиын. Соңғы күндері бірқатар өңірде, оның ішінде кәсіпкер, кәсіпорын, медицина мамандары, мемлекеттік, БАҚ қызметкерлері арасынан індет жұқтырғандар қатары артуда. Қазақстандағы жаһандық дағдарыс пен пандемия салдарынан пайда болған проблемаларды шешу үшін қазір көптеген азамат қарқынды жұмыс істеуде. Бізге жиі жеке кездесулерге баруға, аймақтарға іссапарға шығуға тура келеді, мұндай жағдайда, әрине, COVID-19 жұқтыру қаупі де жоғары» деп жазады Денсаулық сақтау министрі.

Елжан Біртанов барша қазақстандықтарды «жеке карантин» ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Оның айтуынша, аурудың алдын алу шараларына мұқият мән беру керек.

1. Жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және басқа жерлерде мүмкіндігінше арақашықтықты сақтаңыз;

2. Егер сіз офис қызметкері болсаңыз, мүмкіндігінше үйден жұмыс істеуге тырысыңыз.

3.Туыс, достармен онлайн, видео-қоңырау және өзге де жаңа технологиялардың көмегімен байланыс орнатыңыз;

4. Қоғамдық орында маска киіп жүріңіз;

5. Қолды кем дегенде 20 секун сабынмен жиі жуып, санитайзермен сүртіңіз;

6. Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеп тұрыңыз.

«Егер бойыңыздан әлсіздік, бас, тамақ ауруы, дене қызуының көтерілуі секілді симптомдарды байқасаңыз, дереу дәрігерге хабарласыңыз» деп ескертеді министр.

Ілмектер

Бас редактор janalyq.kz

janalyq.kz платформасының бас редакторы

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close
Close