16Қоғам

Алакөлдегі 14 демалыс орны жұмыс істеуге рұқсат алды

Шығыс Қазақстан облысында Алакөлдегі туристік нысандардың коронавирус жағдайында жазғы маусымға дайындығы тексеріліп жатыр.

Демалыс орындарының басшылары ШҚО әкімі Даниал Ахметовті қолдап, мониторингілік топпен бірге санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын тексеруге кірісті.

«Облыс әкімімін кездесу өтті. Жиын барысында аймақ басшысы бізге демалыс орындарын толтырудың жаңа жолын айтты. Сондай-ақ мониторингілік топпен бірге жұмыс істеуді ұсынды. Енді топ мүшелерімен бірге демалыс орындарының қонақтарды қарсы алуға қаншалықты дайын екенін қарап жатырмыз. Өйткені демалушылар мен қызметкерлердің денсаулығы біз үшін бірінші орында», – деді «Інжу» және «Алакөл Арасан» демалыс орындарының иесі Анар Батымова.

Рейд қорытындысы бойынша, 60 демалыс орны маусымға ішінара дайын екені анықталды. Қазір осы нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау жұмыстары жүргізілуде. 14 демалыс орнына туристерді қабылдауға дайын екендігін растайтын акті берілді. Бұл нысандарға келушілердің 50 пайызы (712 адам) орналаса алады. 101 демалыс орны дайындықты әзірше бастаған жоқ. Себебі олардың дені 2-3 жағалауда орналасқан. Сәйкесінше, олар 20 маусымға қарай ашылады.

«Біз барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындап, ресми түрде жұмыс істеуге рұқсат алдық. Әрбір шығаберіс есікте санитайзерлер қойылып, әлеуметтік қашықтық сақталған. Қорғаныс құралдары да бар. Бізде 100 пайыз қауіпсіз деп айта аламыз. Қазақстандықтарға айтар өтінішім, жедел тестіден өткеніңіз туралы анықтаманы ұмытпай ала келіңіздер», – деді «Парус» демалыс орнының иесі Жанна Рамазан.

Кәсіпкерлер Алакөл жағалауындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды екенін түсінеді. Олар осы бағыттағы атқарылатын жұмыстарға үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button