Қоғам

Елордада 284 мыңнан астам адам 42,5 мың теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай кезінде табысын жоғалтқан азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету жалғасуда.

30 сәуірдегі жағдай бойынша, 42,5 мың теңге әлеуметтік төлемді 284 мыңнан астам қала тұрғыны алды – бұл 12 миллиард теңгені құрайды.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда «Біз біргеміз» акциясы екінші кезеңінде 28 073 адам 50 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек алды.

Атап айтқанда, көмек азаматтардың жеті санаты бойынша көрсетілді. Олар АӘК алатын аз қамтылған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар зейнеткерлер, жетім балалар, соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген азаматтар, сондай-ақ қарауында мүгедек балалары бар отбасылар және тыл еңбеккерлері.

«Біз біргеміз» акциясы аясындағы көмектің бірінші кезеңінде 14 478 отбасыға 50 000 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді.

Нұр-Сұлтан қаласының 30,4 мыңнан астам тұрғыны халықтың осал топтарына әлеуметтік көмек көрсету аясында азық-түлік және тұрмыстық жиынтық сатып алуға қосымша ақшалай (4 АЕК-10 604 теңге) көмек алды. Бұл көмекпен барлығы 40 мыңнан астам адам қамтылады.

«Нұр-Сұлтанда АӘК алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия тауарлары берілді. Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер кесте бойынша беріледі. Жалпы кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен 2,7 мыңнан астам отбасы, оның ішінде 4,6 мың баланы қамтылды», – деп хабарлайды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.

Естеріңізге сала кетейік, наурыз айының соңынан бүгінге дейін халықтың әлеуметтік осал топтарына бір жарым миллионға жуық маска таратылды. Әр түрлі әлеуметтік шараларға қалалық штабтан 500 ерікті тартылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button