ҚоғамСаясатТехнология

Сенатта цифрлық технологияларды реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты заң жобасы қаралды

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы онлайн режимде өтті. Онда цифрлық технологияларды реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты заң жобалары қаралды, деп хабарлады ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Президент Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген.

Құжат цифрлық технологияларды пайдалану негізінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға, азаматтардың жеке мәліметтерінің қорғалуын қамтамасыз етуге және күшейтуге бағытталған. Осы мақсатта аталған салаға жауапты уәкілетті орган анықталып, оның негізгі функциялары белгіленеді.

Сонымен қатар, аталған заң жобасында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым саласындағы жобаларды іске асыруға жағдай жасау, ұшқыссыз басқарылатын ұшу аппаратын қауіпсіз пайдалану механизмдерін айқындау және елімізде роботтарды қолдану үлесін арттыру қарастырылған.

Отырыста сенторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да талқылады.

Бұл құжаттың негізгі мақсаттары – тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы құқықтық қарым-қатынасты одан әрі жетілдіру, тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу институтының рөлін арттыру, мәртебесін көтеру, сондай-ақ бизнестің тұтынушы алдындағы әлеуметтік және материалдық жауапкершілігін арттыру.

Құжат Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес құруға және осы салада Бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Заң жобалары Палата қарауына жолданды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button