05Қоғам

Полицей аурухананың терезесінен секірмек болған адамды құтқарып қалды

Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы аудандық аурухананың үшінші қабатынан секірмек болған адам құтқарылды. Оның өмірін полицей Алмас Құсайынов сақтап қалды.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 маусым күні Жамбыл аудандық ауруханасына күйзелісте жүрген 45 жастағы ер адам түскен. Ол көп уақыттан бері ішімдікке салынып, дәрігерлердің көмегіне мұқтаж болған. Бірақ ол емдік шараларын толық алмай, бас тартып, ауруханадан кететінін айтқан.

Бірақ талабын орындата алмаған науқас өз-өзіне қол жасайтынын айтып, аурухананың үшінші қабатындағы терезесіне шығып кеткен. Медицина қызметкерлері полиция, төтенше жағдай қызметін оқиға орнына шақырған. Мамандар дереу жетіп, терезенің астына матрас салып, ер азаматқа мұндай қателік жасамауды өтінген. Бірақ нәтиже шықпаған. Соңында, құлап бара жатқан ер адамды полицей Алмас Құсайынов ұстап қалып, палатаға алып кірген.

Жамбыл ауданының полицейі Асхат Тегенбаевтың айтуынша, өз-өзіне қол жұмсамақ болған адам Алматы қаласының тұрғыны. Ол Ұзынағашқа келіп, бірнеше күн ішімдік ішкен. Оны туыстары ауруханаға жатқызған. Қазір 45 жастағы азамат туыстарының қолына қайта тапсырылды. Ал полиция ер адамды өз-өзіне қол жұмсауға не итермелегені жөнінде тексеру жүргізеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button