Мәдениет

Мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға артты – министр

Қазақстанда мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға артқан. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халық алдындағы жыл сайынғы есеп беру кезінде айтты.

Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, министрлік өз жұмысында Елбасының “Рухани жаңғыру” және “Ұлы даланың жеті қыры” мақалаларын, мемлекет басшысының “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты жолдауының, ҚР туризм, тілдерді дамыту бағдарламаларын басшылыққа алған.

“Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Мәдениеті жоғары, тарихи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы да биік” деген сөзін негізге алсақ, мәдениет пен өнердің, спорт пен туризмнің ел дамуындағы, мемлекеттің мәртебесін арттырудағы, тәуелсіз Қазақстанды танытудағы үлесі орасан екені сөзсіз. Мәдениет және спорт қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру, біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, ол орта есеппен алғанда 96 мыңнан 139 мың теңгеге дейін, өңірлерде 35%-ға, сәйкесінше 96 мыңнан 126 мың теңгеге дейін өсті. Жалпы, мұндай өсім шамамен 34 мың адамды қамтыды”, – деді министр.

Сондай-ақ оның сөзіне сенсек, 2020 жылдың басынан бастап кәсіптік қызметін тоқтатқан және кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын балет әртістеріне ай сайын соңғы 3 жылдық орташа жалақысының 60%-ға дейінгі мөлшерінде төлемдер берілмек.

“Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы әдебиет және өнер қайраткерлеріне, талантты жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында берілетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Жыл сайын ғылым, мәдениет және өнер саласындағы дарынды жастар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры премиясының лауреаты атанып келеді. Ерекше мәртебесі бар мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына лауазымдық жалақыларының мөлшеріне 1,75 коэффициенті сақталған”, – деді Ақтоты Райымқұлова.

Сонымен бірге ол 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп және колледж педагогтерінің жалақысы жыл сайын 2023 жылға дейін 25%-ға ұлғаятынын атап өтті.

“Спорт саласындағы жаттықтырушы-оқытушылардың, мұғалімдердің, 4 мектеп-интернат-колледждері мен спорт колледжі тәрбиешілерінің, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы-оқытушыларының жалақысы көтеріледі. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтарына сабақтан тыс спорт жаттығуларын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақының (17 697 теңге) 100% мөлшерінде қосымша ақы беріледі. Спортшылардың допингке қарсы зертханасының, Ұлттық допингке қарсы орталықтың қызметкерлеріне, дене шынықтыру және спорт жөніндегі Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының, Спортты дамыту дирекциясының қызметкерлері мен жаттықтырушыларына лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде жаңа қосымша ақы белгіленді. Осылайша, олардың жалақысы 2 есеге артты”, – деп толықтырды министр.

Оның сөзінше, бұл бағытта жұмыс жалғасатын болады, өйткені сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелері министрлік үшін әрқашан да өзекті.

“Осыған байланысты сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамытуды, жұмыстың ерекшеліктері бар мамандар үшін төлем мәселесін пысықтауды жоспарлап отырмыз. Бұл мамандықтың беделін арттып ғана қоймай мультипликативті әсерін береді. Осы жылы біз халқымыздың көрнекті ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың мерейтойын атап өтудеміз. Абай философиясы біздің мәдени және ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. 21 қаңтарда «Астана Опера» театрында Ұлы Абайдың мерейтойын ресми түрде ашу рәсімі өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында ең басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау, ой өрісімізді кеңейту екеніне зор мән беріп отырғанын білесіздер. Бекітілген жалпыреспубликалық жоспардың барлық іс-шарасы идеологиялық және ағартушылық жүктемені көтереді”, – деді ол.

Бұл ретте оның сөзіне сүйенсек, биылғы жылы атап өтілетін маңызды іс-шаралар барысында ысырапшылдық пен науқаншылдыққа жол берілмейтінді.

“Бүгінде Абайдың мұражай-үйінде, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілуде, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығын толыққанды ғылыми-зерттеу орталығы етіп қайта құру тұжырымдамасы әзірленді. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысындағы 18 объектіде жұмыстар жүргізілуде. Абай шығармашылығын насихаттау мақсатында елде және шетелде оның еңбектері әлемнің 8 шет тіліне аударылып, басылып шығарылады. Прагада Абайдың мәдени-ақпараттық орталығы ашылды, Братислава, Будапешт, Берлин қалаларында «Абай оқулары», көрмелер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды. Мерейтойдық негізгі шаралары қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысында өткізу жоспраланып отыр. Ағымдағы жылдың қазан айында Париждегі ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде Абай мерейтойының халықаралық тұсаукесері өтеді”, – деп толықтырды министр.

Бұдан бөлек министрдің сөзінще, «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында Министрлік еліміздің киелі жерлерінің бірыңғай белдеуін – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын құру бойынша жұмыстар атқаруда. Осы арқылы киелі жерлеріміз жоғары ұлттық және халықаралық қызығушылық нысандарына айналудыруға болады дед ол.

“Қазақстанның барлық рухани құндылықтарын, бірегей тарихи орындар мен табиғи ескерткіштерді толық бір жүйеге келтіру бойынша атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде жалпыұлттық маңызы бар – 256 объект және жергілікті маңызы бар – 575 нысан қалыптастырылды. Киелі нысандарды толық визуализациялау qazmaps.kz виртуалды карта платформасында қол жетімді. Сондай-ақ «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының үшінші томының таныстырылымы өтіп, жыл соңына дейін төртінші томының тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялау жұмыстарына арналған шығыстар биылғы жылы 3,5 есеге ұлғайды. Осының нәтижесінде жұмыс көлемі ұлғайып, кешенді және нәтижеге бағытталған жұмыстар қамтамасыз етілді”, – деді Ақтоты Райымқұлова.

Бұған қоса ол Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен көптеген ғасырлар бойы бүкіл түркі әлемінің саяси және рухани өмірінің жүрегі болып табылатын Түркістан облысы жаңадан құрылғанын еске салды. Оның айтуынша, осы тарихи шешімнің аясында бүгінде Түркістан қаласындағы ауқымды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

“Бүгінде Түркістан қаласының тарихи бөлігіндегі құрылыс және қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр, олардың ішінде: Х.А. Яссауи музейі, «Ұлы Дала Елі» орталығы, музыка мектебі, кітапхана, қолөнер орталығы, сарай керуені, визит-орталығы, спорт объектілері сияқты жаңа объектілер бой көтеріп келеді. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Түркістан қалашығын қалпына келтіру бойынша қарқынды жұмыстар жалғасуда. Министрлікпен 2019-2021 жылдар кезеңінде қалашықтың шынайы келбетін толық қалпына келтіре отырып, 88,7 гектар алаңда 17 нысанды консервациялау, музейлендіру және қорғау аймағының аумағын абаттандыру жоспарының жобасын әзірледі. Оның ішінде «Күлтөбе» археологиялық ескерткішіне әлемдік археологиялық парк ретінде жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қала өмірінің рухы мен тұрмысын толық беру және объектіні бұқаралық келушілер, қажылар мен халықаралық туристер үшін жоғары қызығушылық орны ету жоспарлануда. Сонымен қатар, «Сауран», «Яссы», «Сарайшық», «Баласағұн», «Бозоқ» ортағасырлық қалашықтарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде”, – деді министр.

Сондай-ақ министр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өңірлердегі тарихи-мәдени объектілердің инфрақұрылымын күшейтуге серпін бергенін атап өтті. Оның сөзінше, 2019 жылы еліміз бойынша 2 музей, 7 мәдениет үйі, 11 ауылдық кітапхана ашылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button