Басты жаңалықҚоғам

39 мыңнан астам отбасын мемлекеттік қолдаумен қамту жоспарланып отыр

Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруда.

Соңғы 3 жылда бағдарлама шеңберінде 36,8 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 330 мыңнан астам тұрғын үй салынды. Бір тұрғынға тұрғын үйді іске қосу көрсеткіші 0,71 шаршы метрге жетті. Бұл – ТМД елдері (Ресей – 0,54 шаршы метр, Беларусь – 0,43 шаршы метр, Өзбекстан – 0,42 шаршы метр) арасындағы ең жоғары көрсеткіш және дамыған елдер деңгейіне жақын.

Өткен жылы елімізде 13,1 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. Тұрғын үй жағдайын 116 мың отбасы жақсартты. Әлеуметтік жағдайы төмен 11 мың отбасы және мегаполис-қалаларда жұмыс істейтін 3 мың жас әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 10 мыңға жуық отбасы қолжетімді бағамен әлеуметтік несиелік тұрғын үй сатып алды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 5 мың отбасы тұрғын үй алды. Бұл – көпбалалы, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар.

Биыл 15 млн. шаршы метр тұрғын үй салу (150 мың тұрғын үй) және 39 мыңнан астам отбасын мемлекеттік қолдаумен қамту жоспарлануда. Жыл басынан бері ауданы 3,1 млн. шаршы метр тұрғын үй объектілері пайдалануға берілді, бұл шамамен 25 мың тұрғын үй.

Биылғы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кезекте тұрғандардың тұрғын үй мәселелерін шешу үшін «Шаңырақ» пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл үшін 390 млрд.теңге бөлінеді, оның 180 млрд. теңгесі өңірлерде 15 мың әлеуметтік кредиттік тұрғын үй құрылысына бағыттылады. 210 млрд. теңге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрғандарға «5-10-20» бағдарламасының шарттары бойынша кредит беру үшін бастапқы тұрғын үй сатып алуға бағытталады.

Құрылыс кешенін қолдау үшін отандық құрылыс индустриясын дамыту шаралары қабылданады. Бүгінгі таңда тұрғын үй және өндірістік ғимараттар, әлеуметтік объектілер, инфрақұрылым салу кезінде негізгі материалдардың құрылыс өнімдеріне нарықтың қажеттілігі 934 млрд. теңгені құрайды. Отандық кәсіпорындарн 586 млрд. теңгеге құрылыс материалдарын өндіреді, ал 348 млрд. теңгеге импортталады. Импорт алмастыру үшін 33 жаңа жоба қолға алынды, оның ішінде 27 жоба 2020 жылы іске қосылады. Нәтижесінде импорт үлесі 25% төмендеп, тұрғын үй құрылысында қазақстандық үлесті 90% дейін арттыру жоспарланып отыр.

Халық үшін ең бастысы – өмір сүрудің қолайлы жағдайы және сапалы коммуналдық қызметтерді алу. Халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін қалалар мен ауылдарда 111 млрд. теңгеге 315 жоба жүзеге асырылуда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін және қолданыстағы тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша 19,2 млрд. теңгеге жобалар іске асырылады.

Жалпы қабылданған шаралар тұрғындарды орталық сумен қамтамасыз ету көрсеткішін ауылдарда 87,7% және қалаларда 97,5% дейін арттыруға, сондай-ақ коммуналдық желілердің тозуын 55% дейін және жөндеуді қажет ететін үйлер үлесін 22,2% дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 11 мамырда Президент тұрғын үй саясатын реформалау бойынша жаңа идеологияны енгізу туралы айтты.

Жаңа тұрғын үй саясатының негізгі қағидасы – халықтың табысы мен жинақтарының болуы.

Ол үшін келесі ұсынылады:

– тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне есепке алу функциясын бере отырып, барлық азаматтардың тұрғын үй алуға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін әкімдіктердегі қазіргі кезек жүйесін реформалау және «тұрғын үйге мұқтаж» ұғымының нақты критерийлерін әзірлеу;

– тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ребрендингін жүзеге асыру және «Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» базасында құра отырып, «ОТБАСЫ БАНКІ» қайта атау.

Ұсынылып отырған реформа жұмыс істейтін әрбір азаматқа тең және түсінікті жағдайда тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді.

Дереккөз: ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайты

Басқа жаңалықтар

Back to top button