Басты жаңалықЖаңалықтар

Алматыда 11 жастағы қыздың асқазанынан бір келі шаш алынды

Алматыда 11 жастағы қыз балаға шұғыл ота жасалды. Оның асқазанында шаш жиналған болып шықты, – деп хабарлайды janalyq.kz тілшісі.

«Баланың іші ауырып, бір апта бойы құсып, тәбеті болмаған. Оны әлсіздік мазалаған. Ауруханаға жатқызылғанға дейін асқазан-ішек жолдарының бұзылуына байланысты амбулаторлық ем қабылдаған. 1 ақпанда бала жедел аппендицитке күдікпен қабылдау бөліміне жеткізілді. Ол диагноз динамикалық бақылау барысында расталмады», – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының іріңді және кеуде хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.

Балаға шұғыл түрде іш қуысы мүшелеріне ультрадыбыстық зерттеу, эзофагогастродуоденоскопия жасалды.

Аспаппен тексеру сатысында асқазан көлемді эхо-теріс затпен толып тұрғаны белгілі болған.

«Зерттеу нәтижесі асқазан қуысында көлемді түзілістің барын көрсетті: асқазанда көптеген гетерогенді бөлшектен, шаш өрімінен және шырыштан тұратын және асқазанның бүкіл көлемін толтырып тұрған лас қара түсті бөгде дене анықталды. Қорытынды диагноз – асқазанның трихобезоары», – деді бөлім меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.

Дәрігерлер қызға наркозбен лапаротомия, гастротомия, асқазаннан бөгде затты алып тастау отасын жасады.

«Асқазан қуысында 16х6х5 см, салмағы 1000 г үлкен көлемдегі тығыз, көптеген шаштан тұратын тамақ массасы мен шырыш жабысқан конгломератпен бейнеленген бөтен дене, трихобезоар табылып, шығарылды», – деді БШМККО балалар хирургі Сәуле Сүлейманова.

Дәрігерлердің айтуынша, жұту нәтижесінде асқазан-ішек жолына түсетін бөгде денелер безоарлар деп аталады. Ең көп кездесетіні өсімдік тектес фитобезоарлар. Олардың пайда болу себебі – жаңғақ, інжір, жүзім, шабдалы, цитрус жемістері және тағы басқасы. Органикалық текті безоарлар кейбір дәрілік заттар, лак, шайырды жұтқанда асқазанда түзіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button