Исламдағы бала тәрбиесі туралы түсінік
Ата –ана болу – Аллаһ Тағала тарапынан берілген ең үлкен сый. Ислам бойынша дүниеден өткен ата-ана артында қалған салихалы өнегелі ұрпақтадың жасаған дұғасы мен істеген ізгі амалдары олардың сауаптарын толықтырады және қияметке дейін сауаптары жалғаса береді. Мұхамед Пайғамбардың мына бір хадисі осыған дәлел:
«Адам өлгеннен кейін оның амал дәптері жабылады. Бірақ мына үш жақтан оған сауап жазылуы жалғаса береді:
• Жария садақа (Адамдарға және қоғамға жиі пайдасы тиетін істер мен құрылымдар).
• Адамдарға қалдырған пайдалы ілімі.
• Оған әр уақытта дұға етіп жүретін салих(жақсы тәрбиелі) бала» – деген.
Осы дүниеде ата-ананың бақыты, қуанышы – сәби. Сондықтан әрбір ата-ана Аллаһ Тағаладан жақсы перзент беруін тілейді, қашан да оған мұқтаж болады. Асылында, бала тәрбиесі ықылым заманнан бері күн тәртібіндегі маңыздылығын жоймаған, тіпті елдің өзіндік тектілігін айқындайтын өзекті мәселелердің бірі болып саналады.
Тәрбие сөзі «التربية» араб-парсы тілдерінен енген, қазақ тіліне аударғанда «негіз, асырау, баулу»,– деген мағыналарды білдіреді.
Тәрбиенің білушінің білмейтінге үйретуі десек те болады. Тәрбие, алдыңғы буын өкілдерінің кейінгі буын өкілдеріне ілім-білімдерін үйретуі деп айтқандар да бар. Тәрбиенің негізгі мақсаты жаман мінез-құлықтан жақсы мінез-құлыққа, адамзатқа пайдалы өнеге болатын үлгілі – адам тәрбиелеу.
Тәрбие ұғымын Мұхаммед пайғамбардың міндеті жағынан алып қарайтын болсақ «тәблиғ»-жеткізуші, «муршид»- жол көрсетуші деген мағынаға келеді. Тәблиғ және муршид сөздері тәлім-тәрбие мағынасын өз ішіне қамтиды. Мұхаммед пайғамбардың «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» деген сөзімен тәрбиенің мақсатын көркем мінезге қол жеткізу, қасиеттілікке ие болу деп айтсақ қателеспейміз. Ислам тәрбиесінің мақсаты – адамдарды ешкімге зияны тимейтін, қоғамда тек жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыя алатын адам қалыптастыру.
Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Тәрбие тұлғаны тәрбие ететін немесе бұзатын нәрсені білуді білдіреді» деген. Ал Матурди бұл жайында былай деген: «Тәрбие тірекке ұқсайды. Аллаһ ол арқылы ақылды кемелдендіреді. Тәрбие әсемдік, ұрпағы құруға айналғандарды, Аллаһ тағала тәрбие арқылы көркемдейді»
Зәрнуси: «Білім, зейінді алатын нәрсе, ал тәрбие болса, білім мен үкім беру жүйелерін үйретеді» деген. Ибн Сина тәрбиеге «қандай да бір нәрсені, әдетке айналдырғанша қысқа әрі ұзақ уақыт қайталау» деп анықтама берген.
Атақты тәпсірші Бәйзауи болса тәрбиені «Бір нәрсені бірте-бірте дамыта отырып, кемелдікке жеткізу» деп түсіндірген.
Тәрбие негізінде өз алдына мақсат емес себеп болып есептеледі. Кейбір ата-аналар балаларын, өмір сүрудың жолдарын көрсету мақсатында өзінің кеткен қателіктерін қайталамас үшін, өздерінің шалыс басқан жерлерінен алыс болсын деп, қамқорлығына алып тәрбиелеп жатса, кейбіреулері білімдар болуғ, ал енді біреулері еліне, халқына қызмет ететін азамат болсын деп тәрбиелейді.
Ислам дінінде ғалымдар тәрбиені:
1. Жалпы тәрбие
2. Жеке тәрбие – деп екіге бөліп қарастырған. Жеке тәрбие – бұл Аллаһ Тағала тарапынан пайғамбарлар арқылы адамдарға үйретілген сенімдермен көркем іс-әрекеттер арқылы жүзеге асады. Пайғамбарлар дәрігер іспетті, адамдардың сырқаттарын айта отырып, жақсылықтар мен игіліктерге шақыру, тәрбиелеу, жол нұсқау арқылы олардың ішкі жан дүниесі мен жүректерін емдейді.
Ал жалпы тәрбие болса, әлемнің ең кішкентай бөлшегінен бастап, ең үлкен болмысына дейін Жаратушының құдіреті мен тәрбиеленіп жатқандығын айтады. Жалпы тәрбиеде мәжбүрлілік болса жеке тәрбиеде қалау мен ерік бар. Жалпы тәрбие туралы Аллаһ Тағала Құран Кәрімде:
«Шын мәнінде Ол, бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған бол деу, сонда ол бола қалады» – деп баяндайды.
Ақыл есі дұрыс адамдарды өз қалауларымен дүниеде және ақыретте жақсылықпен бақытқа жеткізетін асыл дініміздегі ислами тәрбиенің орны ерекше.
Ол туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа:«Сіздердің әрқайсыңыз бақташысыздар, барлығыңыз да қол астыңыздағыларға жауап бересіздер» – деген өсиеті, мұсылмандар өз қол астындағыларына, өзі ұрпағына өнеге мен тәрбие беруде үлкен жауапкершілік жүктелгенін білдіреді. Жалпы ислам сөзінің тілдік мағынасына келер болсақ: «мойынұсыну, мейірім, шапағат, тәрбие, қабылдау»,– деген мағыналарды білдіреді.
Осы әмірлер мен тыйымдарға мойынсұна отырып, өз-өзін тәрбиелеу арқылы осы қағидалар мен тыйымдарға бағынып мойынұсынған адамды мұсылман деп атаймыз. Демек, мұсылман тәрбиелі, тәрбиеленген адам деген мағынамен пара-пар. Ислами тәрбиенің осы саласын қамтитын ғылымның атауы «ахлақ» деп аталады. Ал осыған батыс елдерінде «этика, мораль» деген сөздері қолданылады. Ислам ахлағының қайнар көзі Құран мен Аллаһ елшісінің (Аллаһтың Оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннеттінен бастау алып сусындайды. Айша ( Аллаһ оған разы болсын) анамыздан жеткен мына бір хадис осыған дәлел болады: Сахабалар Айша ( Аллаһ оған разы болсын) анамыздан Аллаһ елшісінің (Аллаһтың Оған игілігі мен сәлемі болсын) мінезі (ахлағы) жайлы сұрағанда: «Сендер Құран оқымайсыңдар ма, Аллаһ елшісінің (Аллаһтың Оған игілігі мен сәлемі болсын) мінезі тұнып тұрған Құран еді» – деп жауап берген.
Нұр-Сұлтан қаласының
дін мәселелерін зерттеу орталығының
теолог маманы
Сабиден Таңерке