Рұқсат етілмеген діни насихатпен айыпталушы Кенбаев Ержан есімді респондентпен сұхбат
(аты-жөні өзгертілген)
– Ержан мырза, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз, жасыңыз, біліміңіз, туып-өскен жеріңіз, отбасылық жағдайыңыз?
– Мен Кенбаев Ержан 39 жастамын, Қызылорда облысының тумасымын. Үйленіп, ажырасқанмын. Анам ғана бар,әкем қайтыс болған. Сол өзім туысып өскен ауылда анам тұрады.
– Қай уақыттан бері жазаңызды өтеудесіз және қандай баптар бойынша жазаға тартылғаныңыз туралы айта кетсеңіз?
–2004 жылдан бері түзету мекемелерінде жазамды өтеудемін. Екінші реттік қылмыстық іс бойынша 17 жылға бас бостандығымнан айырылдым және жаза мерзімім 2021 жылы толық аяқталады деген үміттемін. 2002-2004 жылдар аралығында мемлекетке опасыздық жасау бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікте болдым. Кейін тағы теріс қателесіп, аяғымды дұрыс баспай билікке қарсы келу, елімізде рұқсат етілмеген насихаттармен айналысу және оны ашық түрде жария ету, мемлекетке қарсы келу сияқты баптар бойынша баптары бойынша жазаға тартылдым. Қазір екінші рет істі болып, түзету мекемесінде жазамды өтеудемін. Осы уақытқа дейін 3 рет мерзімімнен ерте босату бойынша арыз бергеніммен сот тарапынан қанағаттандырылмады.
– Ажырастым деп отырсыз, қалай үйленгеніңіз туралы айтып бере аласыз ба?
– Негізі мен 2004 жылдан бері жазамды өтеуші болғандықтан, осы түзету мекемесінде Алланың қалауымен некемді қидырдым. Кейін отбасылық және діни себептерге байланысты ажырасып кеттік, арамызда бала болмады. Отбасы болу үшін әйелі мен күйеуі бір жерде тұру керек қой, ал менің жағдайымда бұл мүмкін емес. Ажырасуымыздың да себебі осы деп ойлаймын.
– Намазды қай жылдан бастап оқи бастадыңыз?
– Намазды шамамен 2003-2004 жылдары оқи бастадым. 2013 жылдарға дейін жазамды өтеу барысында намазды арасында оқып бастадым. Шынымды айтсам, кейде оқып, кейде намаз оқымаймын. Неге екенін өзім де білмеймін.
– Қазіргі діни сауатыңыз қандай деңгейде деп ойлайсыз?
– 2013 жылдан бері намаз оқып жүрген жоқпын, ораза да ұстамаймын. Бостандыққа шыққан соң намаз оқуға ниетім бар. Діни сауатым төмен десем де болады. Діни бағытта сауат ашпадым. Құраннан қысқа, бар болғаны 10-ға жуық сүрелерді арабшасынан емес, былай кириллицада жазылған нұсқада жатқа білемін.
– Түзету мекемесінде отырған өзіңіз секілді жазасын өтеушілермен ара-қатынастарыңыз қалай?
– Түзету мекемесіндегі жазасын өтеуші кейбір агрессивті діндарлар менің намаз оқымай жүргеніме байланысты маған «муртад болды», «кафир болды» деген пікірлерін айтады. Олардың пікірімен қосылмаймын, олармен тығыз араласуға ниетім жоқ. Дәл қазір діннен бөлек санамды мазалайтын сансыз сұрақтар бар. Өзімнің өмірде алдыма қойған мақсаттарым бар. Түзету мекемесіндегі жаза мерзімім аяқталғанша бойымда дінге қатысты бір өзгерістің болуы екіталай. Сондықтан, қазіргі қалпыма да, жағдайыма да санам үйреніп алған. Алдағы уақыттарда бостандыққа шыққан кезінде дінге бет бұруым немесе алшақтауым да мүмкін. Бірақ, бойымда дінге ғылыми негізде зерттеуге немесе беріліп кетуге ниетім де жоқ. Керісінше алаңсыз, өз бетіммен өмір сүргім келеді.
– Қандай да бір тілегіңіз бар болса…
– Түзету мекемесіндегі діни мазмұндағы кітап қорына араб тіліндегі Құран кітабын, сонымен қоса, қазақ, орыс тілдерінде діни мазмұндағы кітаптармен толықтырылса деген ұсынысым бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!