Қоғам

ЖОЛДАСЫМ – «ЖӘННӘТІМ»

2006 жылы жаздың жайма шуақ күндерінде, Жезқазған қаласының белді жоғарғы оқу орындарының бірінде білім алып, Асылым (есімі өзгертілген) оқуын үздік бітіріп өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.  Көп ұзамай осы жылы намаз оқитын Мұрат (есімі өзгертілген) есімді жігітпен танысады. Ұзақ сөз байласып кездесіп жүру шариғат бойынша дұрыс еместігін жігіті айтқандықтан Асылым келісімін беріп екеуі  некелесіп, шаңырақ көтереді. Өзі ерке әжесінің бауырында өскен Мұрат, үйленген соң  ата-анасымен емес әжесімен бірге тұрады. Алғашында бәрі жақсы, әдеттегідей бақытты отбасылы тату – тәтті күндер өтіп жатады. Көп ұзамай Асылым аяғы ауырлап жастар сәби сүйеді. Жолдасы намазда болғандықтан Асылымға да намаз үйретіп, шариғат бойынша әйел адамның ерінің алдындағы міндеттері мен алатын орны туралы хадистерден құлағдар етіп, орындап жүруін өтінеді. Отбасы құндылықтарын, әйел үшін шариғат бойынша әрқашан бірінші күйеуін сыйлау керектігі және жәннаттық болудың алтын сатысы осы жол екенін айтады. Асылымның санасында  егер адам намаз оқымаса мұсылман емес – деген түсініктер қалыптаса бастады. Ата – анасы мен туған – туыстармен де ара-қатынасы сирей бастағанын да байқамай, жолдасым жәннатым деген ұстанымымен жүрді. Өзі үшін бақытты болған отбасына  екінші сәби дүниеге келді. Жұмыс орнынан декреттік демалысын создыртып, өзін әйелмен аналық мейірімін отбасына арнап көп сауап жинағысы келді. Уақыт өте Мұрат кешкісін отбасымен емес жолдастарымен жиірек бас қосатын болды. Мұндай бас қосулардан кейін жолдасының Асылымға деген тыйымдары күннен күнге көбейе бастады. Рұқсатсыз, ескертусіз ата – анасы тұрмақ, дүкенге де бармайтын болды. Қандай жағдай болса да алдымен жолдасына айтып, келісімімен разылығын  алып жүруі керек болды. Жұмыстан келген соң тамақтанып әйел баласына көңіл бөлмей, ахи бауырларына баруы керектігін,  ақылдасатын шаруалары барын айтып шығып кететін. Кездесулері күн өткен сайын тек жиілей берді. Жолдасы не айтса оған қарсы келмеген Асылым өзін үйдегі қарт әжесімен балдарына арнады. Өзі болса жұмыссыз, жолдасының тұрақты жұмысы жоқ, күнкөріс көзі тек қартайған әжесінің зейнетақысы болды. Отбасының  ас – ауқатының бар – жоғы Мұраттың ойына кіріп те шықпады. Осылай күн артынан күндер өте берді.

Жолдасы 2013 жылы қаңтар айында, Мысырға барып діни ілімін арттыру керек, келген соң өмірлері Аллаһтың қалауымен жақсы жағына өзгеретіндігін айтады. Мысырдан ілімін жетілдіріп келген соң Асылымға да өзі үйрететіп, жұмысқа орналастыратынын айтып уәде береді.

Мұратқа сеніп шаңырағының түтінін түзу түтетіп отырған Асылым жолдасын сеніп күтумен жүреді. Алғашқыда жиі қоңырау шалып хабарын алып тұрады. Уақыт өте қоңыраулар сирей бастайды. Себебін сұрағанында менде бәрі жақсы, оқуым қиындау болғасын көп сөйлесе алмаймын – деген.  Асылымның жүрегі жәй таппай сары уайымға салынып, жолдасынан күдіктене бастайды. Оның бір себебі Мысырға кеттім деген жолдасынан келген қоңыраулар  Түркия деп шығатын болған.

Соңғы кездері жолдасы қоңырау шалғанда «Жиһад» деген сөзді жиі айтатын болған, оның не екенін түсінбеген Асылым аса мән бермеген.  Соңғы қоңырау шалып хабарласқанында жолдасы отбасын қатты сағынғанын және жақында барлығымыз бірге боламыз – деп Асылымды қуантып қойған. Жолдасын келеді деп қуана күткен Асылымның қуынышы бір сәтте басылады.  Екеуміз жәннәтта бірге болғанымызды қалаймын,  балаларды алып менің қасыма келіңдер – деген хабарын алған Асылымның ойы сан – саққа кетеді.  Көп ойланып, жолдасым жәннәтым – деп күйеуінің артынан баруды шешіп, қоңыр күзде балаларын алып, Түркияға жолдасы жіберген ақшаға ұшаққа билет алады. қартайған әжесін жалғыз тастап Асылым балаларымен түрік еліне жол тартады.

Аэропорттан түскенде жолдасы күтіп алады. Отбасын жарты жылдан аса көрмеген Мұраттың көзінен сағыныш көрмеген Асылымның тұла бойын үрей мен уайым билейді. Мән-жәйді түсіндірместен ұшақтан түсіп жолға шығады. Шекараны не үшін асатынын сұрап артық сұрақ қоймауын, барғасын түсіндіретінін айтады. Шекарадан тез арада оңай өтіп, тұрғыны аз әл-ауқаты төмен ауылға келіп тұрақтайды. Біз Сирияға келдік пе – деп сұрағанында, ол ия – деп жауап береді. Жолдасына мұнда қалғысы келмейтінін,  неге өтірік айтып отбасын осындай құрбандыққа әкелгенін айтып жылағанымен тым кеш еді. Жолдасым жәннәтім деп сеніп сағынып келген Асылымның өмірі дәл осы сәттен бастап тозаққа айналдырарын кім білген?

Қазір кетер болсаң сені соттайды, біз Алла жолында жиһадқа шығамыз жәннәттә бірге боламыз – деп жолдасы артқа жол жоқ екендігін айтады.            Күн мен түннің Асылым үшін еш айырмашылығы болмады, жалғыз жұбанышы екі баласы болды. Жолдасы күнделікті әскери жаттығуға кетеді. Ал Асылым балаларымен шағын ауылда өзге де әйелдермен бірге қалады. Барлығына өзім кінәләмін, басыма келген сынақ деп көнігіп үйренісе бастайды. Екі жылдан соң жолдасы соғыста қаза тауып, Асылымды өзге ұлттың азаматымен некелестіреді. Шамамен бір айдан аса уақыт өткенде аулада ойнап жүрген баласына снаряд ұшқыны түсіп мерт болады.                    Үсті – үстіне келген сынақтарға төтеп беруіне құрсағындағы нәрестесімен қолындағы баласы және Отаныма қалайда ораламын деген үлбіреген үміті мен сенімі болды. Қаншама қиыншылық пен жоқшылықты басынан өткеріп жүрген Асылым төртінші баланың анасы болды. Қауіпті аймақтағы өмірі  қиындамаса жеңілденген емес. Бұның бір шығатын жолы болу керек – деп Асылым белін бекем буып қашуға шешім қабылдайды. Өзге де әйелдермен бірігіп Макар әйелдер лагеріне бірнеше қашықтық миналанған шөлдала  жолдарынан аман – есен өтіп, аталған лагерьге орналасады. Ол жерде  6 айдан аса болып, Қазақстанның арнайы «Жусан» кешенді операциясымен елге аман – есен оралады.

Қауіпті аймақта болған 5 жыл ішінде әкесі мен қарт әжесінен айырылған Асылым, бары мен нары жалғыз анасын бағалап, бар уақытын анасымен балаларына арнауда. Жаңа өмірін тәуелсіз Қазақстанымызда көк туымызды тік көтеріп, көк аспанында бейбітшілік күнін қадірлеп балаларын зайырлы қоғамға тәрбиелеуде. «Жәннатым» – деп сеніп сыйлаған азаматы өмірін тозаққа айналдырарын кім білген.

Асылым өткенін барынша ұмытқысы келеді. Әрине ол уақыттың еншісімен Асылымның  өз қолында…

Айтенова Айгүл

Нұр-Сұлтан қаласының дін

мәселелерін зерттеу орталығының

психолог маманы

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button