01Қоғам

ЕЖЕЛГІ МӘДЕНИ МҰРАНЫҢ ДІНИ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ

Ислам – араб-мұсылман мәдениетінің іргетасы. Бұл діннің негізі болатын қағидалар жаңа мәдени-тарихи типті қалыптастырды және әлемнің көптеген халқы мен алуан түрлі этно-мәдени жүйелермен үйлесім тапты. Исламның әлеуметтік философиялық концепциясына сүйене отырып, жергілікті және аймақтық этно-мәдениет өзіне көптеген құндылықтарды сіңірді. Қазіргі таңда ислам дінінде реформаторлықпен және оның дамуымен байланысты екі парадигма бар. Бірінші парадигма – ислам дінін алғашқы рухани – мәдени жағдайына яғни, өзінің бастапқы түріне қайтару. Бұл реформаторлық бағыт «салафизм» деп аталады және оның жақтаушылары – батыс өркениетінің мұсылман қауымына жасаған қоғамдық және рухани ықпалына қарсылық білдіреді.

Араб-мұсылман мәдениеті – ғылымды, өнерді, материалды артефакты және т.б. енгізетін ислам әлемі халықтарының рухани және материалды жетістіктерінің тұтастығы. Сонымен бірге, мәдениетті тасымалдаушының іс- әрекетін анықтайтын әлеуметтік және саяси құрылым, адам мен оның әлемдегі орны, құндылықтар жүйесі мен басқа факторларды енгізетін рухани материалды өндірісті ұйымдастыру тәсілі. Араб-мұсылман мәдениетінің дамуы исламмен тығыз байланыста, алайда мәні жағынан да, хронология жағынан да шектеулерге ұшырамайды. Өзінің дамуында маңызды төрт кезеңді бастан өткізді: а) исламға дейінгі кезең, арабтар үшін бұл жәһилия (ислам пайда болғанға дейінгі бір жарым-екі ғасыр) дәуірі; ә) классикалық (VІІ-ХІІІ) немесе исламдық кезең; б) тоқырау кезеңі (ХІV-ХІХ) немесе «иджтихад есігінің жабық» кезеңі, дәстүршілдік этапы; в) «реформаторлық» (ислах) және «қайта жаңғыру» (нахда) кезеңі.

Құран Кәрім – мұсылманның қасиетті де құдіретті кітабы. Құранда дүниенің бастауы мен ақыры, болмыстың ең жоғары сатысы, оның ерекшеліктері, табиғаттың сыры, Алланың дүниемен қарым-қатынасы, адамның мәні, Жаратқанға қатысты, құдай аманаты, періштелер мен жын-шайтандар, т.б. мәселелер философиялық ділмәрлікке ұрынбай, қарапайым, ұғынықты да нақты, жатық тілмен жазылған.

Себебі, Құран Кәрімде барша жұртқа арналған, әрбір кісі одан өзінің түйсігіне сай жауап таба алады. Болмыстың көзге шалынбас тылсым сырларын (Алла Тағаланы, періштелерді, жын-шайтандарды т.б.) баяндай отырып, Құран табиғат әлемін де ұмытпайды, табиғат сырын білуге, зерттеп үйренуге шақырады. Құрани ғалымдардың арасында тәпсір (түсіндірме) ғылымы ерекше орын алады. Құранды тәпсірлеушілер өз дәуірі мен замандастарының мұқтаждықтарына және ойлау жүйесіне сай сан ғасырлар бойы әр алуан түсініктемелер жасап келеді. Құранға түсіндірме беріп келген авторлардың көзқарасындағы эволюцияның құпиясы – сабақтастықтың тіні үзілмеуі сырттан қарағандардың бәрін қайран қалдыруда». В.В.Бартольд (1869-1930) былай деген: «Ислам мен бүгінгі мәдениеттің келісімге келуі әбден мүмкін, осындай келісімге қол жеткізу үшін біздер өмір сүріп жатқан мына ғасырдан артық заман болған емес».

Құран-Кәрімді және Мухаммед пайғамбардың сахих (дұрыс, ақиқат) хадистерін (сөздерін), сондай-ақ оның артынан ерген сахабаларының (достары) дін, сенім мәселесіндегі ұстанымдарын басшылыққа алып жүрушілерді сунниттер немесе «Әһли сунна уал жамаға (Сунна мен қауым бірлігінің адамдары)» деп атайды. Осыған байланысты сунна сөзі бүкіл мұсылман қауымын қамтитын өте ауқымды ұғым болып табылады. Бұл атаудың шығу тегіне байланысты ислами әдебиеттерде Мухаммед пайғамбардың «Менің артымнан ерген үмметім жетпіс үш тармаққа бөлініп кетеді. Біреуінен басқасы тозаққа кіреді. Сол кезде қасында болған сахабалар тозақтан құтылатын қай топ деп сұрағанда Аллаһтың елшісі «ол топ менің артымнан ерген және менің артымнан ергендердің соңынан жүргендер» деген хадисіне сілтеме береді.

Аббасидтер халифаты – 750 жылдан бастап 1258 жылға дейін өмір сүрген феодалды теократиялық мемлекет. Аббасидтер кезінде басқару жүйесі өзгеріске ұшырады. Мұсылман әскерінің қолбасшысы – халиф бүкіл мұсылман халқының басшысы атанды. Бұл жүйеде этникалық мәселелерге қарағанда, діни-наным сенімдер мәселесі жоғары болды. Аббасидтер халифаты кезінде көптеген араб емес тұлғалар мемлекеттің лауазымдарда қызмет атқарып, мәдениеттің гүлденген кезі болды. Феодалдық қысымның әсерінен Бабек пен Мұқан т.б. басшылық еткен халық көтерілістері болды.

Аббасидтер әулетінің гүлденуі әл-Мансур (707-775), әл-Махди (775-785), Харун әр-Рашид (786-809), әл-Мамун (813-833) кезінде болды.Әл-Мансур халифаттың астанасын Анбара қаласынан Тигр өзенінің бойында орналасқан Бағдатқа ауыстырды. Бағдат қаласын ортағасырларда Батыс өңірлерінде Балдах деп атаған. Һарун әр-Рашид демеу болған Шығыстағы Бағдад, Еуропадағы Константинополь мен Батыстағы испандық Кордовадан бір адым қалыспайтын. «Бағдат («Бейбітшілік қаласы») Тигр өзенінің екі жағасын бойлай Дияла өзенінің сағасына дейінгі аралықта, Жерорта теңізі, орталық және Оңтүстік Азия елдерін жалғастыратын жолдар тоғысында орналасқан. IX ғасырда қала қолөнер кәсібі мен сауда-саттықтың, ортағасырлық араб мәдениетінің ірі орталығына айналған. Бағдат арқылы Үндістаннан, Арабиядан, Еуропа елдерінен тауарлар тасылды. Аббас әулетінің халифаты ыдырағаннан кейін өзінің саяси маңызын жоғалтқанымен, күллі шығыс жұрты табынған ғылыми орталық болып қала берді».

Бұл жердің тұрғылықты халықтары «негізінен дәнді-дақыл өсіру және мал шаруашылығымен айналысқан. Оңтүстік аудандарда бау-бақша егу жақсы дамыған. Дәстүрлі қолөнерге бай жергілікті халық ыдыс-аяқ және тағы басқа тұрмыстық құралдар жасауға бейім. Арпа және бидай ұнынан дайындалған тандыр, күріш, сүт, құрма ирактықтардың негізгі асы болып табылады. Етті құрметті қонақ келгенде ғана дайындайды.

Аббасидтер халифаты саяси тұрғыдан ыдырағанымен, рухани ықпалы жағынан әлі де қуатты болуының нәтижесінде ислам діні Сирия, Мысыр, Солтүстік Африка, Испания, Шығыс Түркістан, Шығыс Азия, Үндістан, Иран өлкелеріне кеңінен тараған болатын. Құран мен Хадис негізінде қалыптасқан ислам мәдениеті өзінің таралуы кезеңінде түрлі дүниетанымдық мәдени қабаттардағы халықтардың құндылықтары арқылы біртұтас ислам өркениеті ретінде қуатты даму, жаңғыру сатысына көтерілгендігін айтуымыз керек. Осылайша ислам тек бір ұлттың ғана емес, исламды қабылдаған ұлттардың мәдени-дүниетанымдық әлемін игеріп, ортақ дін сипатына еніп, ислам өркениеті ренессанс сатысына көтерілді.

Т.Советов,

Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкері

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button