01Қоғам

НЕКЕ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

ҚР Конституциясы 1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Отбасы институтының мемлекет тірегі екенін ескерсек, сол отбасылардың бақытты болуы немесе бақытсыз болуы отау құрған жастарға және олардың ата-аналарына тікелей байланысты. Екі жастың көңіл жарастырып, өмір жолдарын бір арнаға тоғыстыруын жариялаулары өте маңызды оқиға. Отбасының өміршең, әрі баянды болуына өзара түсіністік пен төзімділіктің нәтижесінде жетуге болады. Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игеріп, болашаққа аттанады. Отбасы – баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады. Отбасының басты қызметі баланы жақсы адам етіп тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі екені айқын. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажетті жағдайын жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге , салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтарға баулуы мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастырулары жатады. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтарын қалыптастырады.

Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман тілектеріне сүйеніп отырған. Қазақ отбасында дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, құқықтық, сұлулық тәрбиелері жүргізілген. Қазақ отбасында аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудың мақсаты жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу болып табылады. Отбасындағы дене тәрбиесінің мақсаты бала денесін дамыту, денсаулығын нығайту, ағзасын шынықтыру және күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруға, салауатты өмір салтына дағдыландырады. Еңбекке араластыруды асыл мұрат деңгейінде қарайды. Отбасында еңбекке тәрбиелеу, баулу мен кәсіптік бағдар беру баланың қоғамға пайдалы , өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген сапалы көзқарасты тәрбиелеудің, жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады. Қазақ отбасы баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, олардың тәртіп және мінез құлық тәжірибесін қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу арқылы адамгершілікке тәрбиелей білді.

Сондай-ақ, қазақ отбасында адам зиялылығының негізі – ақыл-ой тәрбиесі деп есептелінді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, негізі ойлау операцияларын меңгерту, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыруға тырысқан. Тәрбиенің басқа да салаларымен тығыз байланысты тәрбиенің түрі экономикалық тәрбиеге де қазақ халқы ерекше мән берген. Қазақ халқы бала тәрбиелеуде экономикалық тәрбие деген ұғымды пайдалабағанымен, тәрбиенің бұл түрі отбасында мақал-мәтел, өсиет айту, өнеге көрсету арқылы жүзеге асырып отырған.

Қазақ қызы өзіне өмірлік жолдас, жар таңдауға ерекше жауапкершілікпен, сақтық, ұстамдылықпен қарап, оның маңызын санасымен аңғарып, жүрегімен түйсінген. Бұл істе ұшқалақтыққа, орынсыз тәуекелге жол беруді өмірлік қауіп санаған. Қалыңдық үшін де болашақ күйеуінің мінез-құлқы, ой-өрісі мен мәдениеті, білімі мен инабаттылық болмысы, жақсы-жаман әдеттері жайында жақсы білуде сақтықпен қараған. Бүкіл зиялы қауымның міндеті – бір жағынан, бұл мәселелерді тереңірек зерттеу, оларға жаңаша қарау болса, екінші жағынан, оларды тәрбие жұмысына, әсіресе, жастар тәрбиесіне пайдалана білуі еді. Қыз баланы құрметтеп, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болып, киімінің әсем-сәндісін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнап, жиын-тойларда қыз баланы әр уақытта сыйлы орынға отырғызған. «Қыз өссе-елдің көркі» – дегендей, елдің көркі қыздармен шырайлы екені шындық. Халқымыздың қыз балаға деген құрметі ежелден ерекше болған. Демек, болашақ жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, өнегелі, өнерлі етіп тәрбиелеу – қазіргі отбасына үлкен міндет.

Сонымен, қазақ отбасында тәрбиенің негізі – ұлттық салт-дәстүрлерді ұмыттырмай, өміріне азық ретінде қалыптастырған абзал. Өз ұлтының намысын жоғары қоя білетін, елінің сөзін сөйлейтін жас ұрпақты баулып, тәрбиелеу арқылы, керегесі кең, шаңырағы биік, некеде бақытты отбасы қалыптасатынына сенеміз.

Н.Рүстем,

Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының психолог маманы

Басқа жаңалықтар

Back to top button