«ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Министрлер кабинетінің отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды»,- деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
Баға мониторингі бойынша жұмыс туралы Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов, азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс туралы Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, өңірлердегі ахуал туралы Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов баяндады.
Биылғы жылы Үкімет пен әкімдіктер covid-19 пандемиясынан туындаған экономикалық тұрақсыздық жағдайында өнімді өндіруді, сақтауды және барлық өңірлерге жеткізуді қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдады.
Әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті бағалар белгіленді, бағаны ұстап тұру міндеттемесімен “айналым схемасы” арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыз алу тәжірибесі кеңейтілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді, оның ішінде форвардтық сатып алу тетігі енгізіліп, оған 24,5 млрд теңге бөлінді, 516,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға 159 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері таңдалды.
Премьер-Министр қабылданған шаралар әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін 4,4% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік бергенін, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден екі есе төмен (8,7%) екенін атап өтті.
Үкімет басшысы Алматы қаласын бағаны тұрақтандыру бойынша мысалға келтірді, онда “айналым схемасы” үшін қаражат бөлу бойынша жұмыс жедел жүргізілді, бұл тұрақтандыру қорларына сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізбесін уақтылы толықтыруды және кеңейтуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
“Әкімдіктердің уақытылы алдын алу шараларын қабылдауы бағаны тұрақтандыруға және ұстап тұруға мүмкіндік береді. Біз импортқа тәуелділікті азайту үшін мақсатты түрде жұмыс істейміз. Бағаның өсуіне ешқандай себеп жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрлері бойынша бағалардың тұрақтылығына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі”, — деді А.Мамин.
Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, сыртқы жағдайға және азық-түлік қорларының жеткіліктілігіне және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығына мониторингті жалғастыруды, “айналым схемасы” арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыздар тетігін кеңейту мәселесін, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін форвардтық сатып алу тәжірибесін пысықтауды тапсырды.
Әкімдіктерге импортқа тәуелді тауарлар (қант, жеміс-көкөніс өнімдері және т.б.) өндірісін ұлғайту жөніндегі жобаларды басым тәртіппен іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлер әкімдерінің назарын ішкі өндіріспен қамтамасыз етілген өнімдерге, әсіресе картоп, ұн, сәбіз және қарақұмық жармасына бағаның өсуіне жол бермеуге аударды.
“Азық-түліктің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету қазақстандықтардың өмір сапасының басты факторларының бірі болып табылады”, – деді Асқар Мамин.