Еуропалық туристер Шығыстың қысқы тұмса табиғатына тамсанды
Шығыс Қазақстандағы «Алтай Альпі» тау-шаңғы курортына Еуропадан 10 турист келді. Шетелдік қонақтарды тау-шаңғы саласы бойынша танымал гид Флори Керн осы өлкенің көркем табиғатымен таныстырып жүр.
Шығыс Қазақстанда қысқы туризм түрлерін дамытуға барлық мүмкіндік бар. Асқар таулы, шалқар көлді табиғаты бар киелі мекеннің климаты да саланы өркендетуге шақырып тұрғандай. Бүгінде облысымызда туризмнің бұл саласы қарқынды дамуда. Тіпті шетелдерден келетін туристердің қатары артқан. Еуропалық туристердің Шығысқа келуі бұл өз кезегінде Қазақстандағы туризмнің барлық халықаралық стандартқа сәйкестігінің бір дәлелі болса керек.
«Шығыс Қазақстанға осымен үшінші рет келдім. Маған бұл жердің табиғаты ерекше ұнады. Әсіресе, қысқы мезгілде ертегідегідей әдемі мекен. Біздің ендігі жоспар – Риддер қаласына барып, сол жақтағы қысқы туристік орындарды аралап, демалу», – деді Флори Керн.
Ал Швейцариядан келген Вероника есімді туристің тау-шаңғы спортымен айналысып жүргеніне 10 жыл болған екен. Бұл – оның Шығыс Қазақстанға жасаған алғашқы сапары.
«Қысқы мезгілде «мына суықта қайда барамыз?» деп үйде отырғанды құп көрмеймін. Қысқы демалыстың бір артықшылығы адам өзін тынықтырып, көңіл көтерумен қатар сауығады. Шаңғы, сноуборд тебу, шанамен сырғанау денсаулыққа өте пайдалы» – деді ол.