Тамырдан жасалған туындылар шығысқа келген туристерді тамсандырды
“Шығыс салбурыны” фестивалінің қонақтары ағаштың тамырынан жасалған туындыларды ерекше бағалады.
“Тарих тағылымы: кешеміз, бүгініміз, болашағымыз” атты ағаш тамырынан жасалған туынды Асан қайғының нарын түйесі, тар заманның зарын шерткен қобыз, маралдың мүйізі, самұрық құстың ұясы арқылы қазақтың өткені мен келешегін сипаттап, әуезді күймен, айналып, Ертөстік жырын жырлайды.
– Бұл туындыны жасауға 1 жылға жуық уақытым кетті. Суда жатқан ағаш тамырын алып, оны кептіріп, біраз уақыт тамырға қарап жүрдім. Бір күні шабыт келіп, бұл тамырдан осы нар түйе, қобыз, самұрықтың ұясын көргендей болдым. Ақырындап тамырды жонып, сырлап, осы туындыны шығардым, – дейді Қазақстан этно дизайнерлер одағының мүшесі Серік Нұрсадықов.
Шебердің қолынан ағаштан, ағаш тамырынан бөлек, сүйектерден де ұлттық құндылығымызды сипаттайтын талай туындылар шықты.
“Шығыс салбурыны” фестиваліне келген туристер мұндай қолөнер туындыларын естелікке алып жатты.