Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов блок-бекеттердегі жұмыс барысының жеңілдетілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Елорда Инфоға сілтеме жасап.
«Жабдықтау және қамтамасыз ету қызметі. Блок-бекеттерде әскери қызметшілерден бөлек әскери міндеттілер де, полицейлер мен волонтерлер де жұмыс істеп жатыр. ТЖ кезінде барлығы 150 адам жұмылдырылды», – деді қала әкімі.
Ол сөз арасында коронавируспен күресте цифрландыру жүйесінің көмегі тигенін айрықша атап өтті. Қазір электронды қызмет айтарлықтай жақсарған.
«ХҚО-лар онлайн қызметін арттырды. Сол сияқты әкімдікте де цифрландыру жұмыстарын күнделікті арттырып жатырмыз. Өз кезегінде бізге «Сергек» жүйесі де айтарлықтай көмектесті. Полицейлердің қолында арнайы планшеттері бар. Блок-бекеттердегі өткізу жүйесі мәселені ұзаққа созбай, кептеліс тудырмай жылдам шешуге көмектесуде. Сонымен қатар, Е-Карантин ақпараттық жүйесі әзірленді. Оның негізгі мақсаты – санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылау», – дейді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ ол ТЖ режимін сақтау үшін қанша адам жұмылдырылғанын мәлімдеді.
«Төтенше жағдай режимін сақтау үшін Қарулы Күштің жеке құрамынан мыңнан аса адам, Полиция департаменті мен Ұлттық гвардияның жеке құрамынан бас-аяғы 3 мың қызметкер жұмылдырылды», – деді қала әкімі.