«Amanat»: Түркістандықтар реформаларды қызу қолдап отыр
Саяси дамудың келесі кезеңіне өтуге санаулы күндер қалды. Түркістан облысы тұрғындарына насихат жұмыстарын жүргізу үшін «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық штаб мүшелерінің жұмысы жалғасуда. Қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымының кандидаты Қуаныш Айтаханов және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай түркістандықтармен кездесті. Рухани шаһарда өткен басқосуларда саяси жүйені трансформациялау жайы талқыланды.
Сауран, Шауғар және Бірлік секторларының тұрғындарымен кездесулерге қатысқан штаб мүшелері биліктің өкілеттігін қайта бөлу, Парламенттің рөлі және оның мәртебесінің өзгеруі, халықтың басқару ісіне араласуы, азаматтардың құқығын қорғау жөніндегі реформаның бағыттарына кеңірек тоқталды. Тарихи шара халықтың сұранысы арқылы туындағандықтан қоғам оны қолдап, жүзеге асуына атсалысуы керек деген пікірлерін жеткізді. Тұрғындар тарапынан да жеке көзқарасын білдіріп, елдің дамуына қатысты ұсыныстар айтқан азаматтар да табылды. Халықпен кездесулерге аймақтық партия филиалының Атқарушы хатшысы Б.Тәжібаев, облыстық мәслихат депутаттары Б.Шойбеков, И.Намазбаева да қатысты.
Мұнан соң штаб мүшелері облыстық партия филиалы жанындағы «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңының алғашқы отырысына қатысып, спикер болды. «Референдум – реформалар бастауы!» тақырыбында өткен жиынға облыстың зиялы қауым өкілдері де қатысып, қызықты пікірталас өтті.
Сапар аясында Орталық аурухана дәрігерлерімен де кездескен республикалық штаб мүшелері жаңа реформалар туралы әңгіме өрбітті. Дәлірек айтқанда мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынас оңтайланатыны түсіндірілді. Ақ желеңді абзал жандар да осы референдумның ерекшеліктерін ескере келе қолдайтындарын жеткізді.
Жалпы партия жанындағы республикалық штаб мүшелерінің Түркістан өңіріне жұмыс сапары 3 маусымға дейін жалғасады. Жергілікті тұрғындардың билік өкілдерімен бетпе-бет жүздесуіне, пікірлесуіне және ұсыныстарын білдіруге айтарлықтай мүмкіндік туып отыр.