Саясат

Нұротандықтар мектепте инклюзивті білім беру және қауіпсіздік мәселесін талқылады

Нұр-Сұлтан қаласындағы Nur Otan партиясы қалалық филиалы жанындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі өңірлік Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

№65 мектеп-гимназия қабырғасында жалпы білім беретін мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерінің қызметін ұйымдастыру және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес инклюзивті қоғам құру жөніндегі шаралар туралы мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар, Кеңес мүшелері суицидтің, ерте жүктіліктің, буллингтің алдын алу шараларын талқылады.

Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының маманы Гүлшат Исинованың айтуынша, биылғы оқу жылында «Болашақ» КҚ-мен бірге «Әр бала мектепке лайық» инклюзивті білім беруді дамыту жобасы аясында № 91, 92 жаңа 2 мектепте эмоционалды-еріктік және мінез-құлық (аутизм) бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды.

ЕҚТА бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау сапасын арттыру бойынша 8 мектепте (№71,37,85,88,89,8,91,92) инклюзияны қолдау кабинеттерін әдістемелік сүйемелдеу іске асырылатын болады. OOP бар балаларды тәрбиелеу және оқыту үшін жағдай жасаған мектепке дейінгі ұйымдардың үлесі – жоспар бойынша 66,3% немесе 63 мемлекеттік балабақшаларда – 66,4%. Елордада 3 арнайы балабақша бар.

«Өткен жылы білім беру ұйымдарын бейнебақылаумен қосымша қамтамасыз ету үшін 609 млн теңге сомасында қаражат бөлінді. Осылайша, 4,6 мыңнан астам дана көлемінде бейнебақылау камералары қосымша орнатылды, 88 мектеп, 95 мектепке дейінгі ұйым, 8 колледж (барлығы 191) жарақтандырылды. Бүгінгі күні цифрлық бейнебақылаумен қамтамасыз ету 90%-ды құрайды: ЖБО-ға 86 мектеп, 94 мектепке дейінгі ұйым, 8 колледж қосылды», – деді полиция майоры Нелля Дощанова.

Отырыс қорытындысы бойынша нұротандықтар білім басқармасына ПМПК-ның қатысуымен жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті қоғам құру бойынша мектеп басшыларымен семинар өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қосымша қаражат сұрату ұсынылды.

Кеңес мүшелері «Bilim Foundation» ҚҚ орта білім беру мекемелерінде штаттық психологтардың қосымша бірлігін де қосуды ұсынған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button