Нұрдәулет Әлмұханов: Біздің қоғамға діни фильмдер керек пе?
Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Нұрдәулет Әлмұханов діни фильмдерге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Ата-ананы сыйлау, оларға құрмет көрсету біздің ата-бабамыздан бері келе жатқан құндылығымыз. Қоғамда дәстүрлі емес діни ағымдарға түсіп кеткен адамдардың кейбірі осы сөздердің мәнісін түсінбейді. «Намаз оқымағанның бәрі – кәпір, ата-анаң намаз оқымаса, оларда осы қатарда» деген қате түсінік бар. Осындай жаңсақ ойлардан кейін, ата-анаға деген құрмет, оларды бар болмысымен қабылдау, алдынан кесіп өтпеу деген сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың әдебі жойылады. Әрбір адам дінге өзінің еркімен, жүрекпен келу керек. Деструктивті ағымдағы адамдар олай деп ойламайды. «Алла жолындамыз» деп ауызбен айтып қою жеткіліксіз екенін түсінбейтіндер қаншама?! Сонымен қоса, аталған топтағы адамдар осы өмірден бақыт іздемейді. Соғыс ашып немесе соғыс алаңына барып шаһид болу басты мақсаттары болып саналады.
Өзім басшылық ететін Дін істері басқармасы мен Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының бастамасымен «Жұмақ» атты қысқаметражды фильм түсірген болатынбыз. Халықтың көңілінен шыққан туындылардың бірі болды. Фильмді қарайтын болсаңыз әсерлі тұстары көп. Мысалы, деструктивті ағымға түсіп кеткен ер азаматтың достарымен араласпай, ата-анасына қарсы шығып, Таяу Шығысқа кетуге дайындалатынын көре аласыздар. Бұл – өмірде болып жатқан, көзбен көріп жүрген проблема. Фильм миллионнан аса қаралым жинады. Қалдырған пікірлерге сараптама жасай отыра, қызықтыларын түртіп алдым. Ата-аналар адасқан адамдардың өз ұрпағына кесірі тимесе екен дейді, осындай фильмдерді көптеп түсіріп мектеп қабырғасында көрсету керек деген ұсыныстар да бар. Аталған ұсыныстарды жұмыс барысында қолдануға тырысатын боламыз.
«Діни фильмдер бізге керек пе?» деген сұрақ болды. Бір салада проблема болса, бұл саланы зерттеп, дұрыс насихат жасау керек. Біз фильм түсіретін кезде адамдарға өтімді тұсын қарастырамыз. Бір фильм түсіріп тоқтап қалмаймыз. Туынды түсірместен бұрын, қоғамда болып жатқан проблемаларға үңіліп, оны дұрыс жағынан, халыққа сабақ болсын деген ниетпен түсіреміз.
Қазіргі жастар қателесіп, деструктивті діни ағымға әлеуметтік желілердің кесірінен түсіп кетіп жатады. Бұл да қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Діни сауатсыздық – қоғамның дерті. Сондықтан, жастарымыз дін атын жамылған белгісіз тұлғаларды тыңдауларын қойса, ақпаратты сүзгіден өткізе алатын дәрежеге жетсе деп тілейміз.
Дін – ол нәзік дүние. Кез келген адаммен әңгіме қылып, әртүрлі желіден оқи салатын сала емес. Қазір бізде ресми ақпарат көздері бар. Қандай да бір діни ақпарат алғыларыңыз келсе, сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңыз болса, iKomek109 нөмірі арқылы хабарласа аласыздар.