Қоғам

Нұрдәулет Иманәліұлы: Деструктивті материалдарды тарату, басқа платформаларға жіберу заң бұзушылыққа жатады

Тұтас елдің діни қауіпсіздігі, қай тұсынан қарасақ та, ел үшін маңызы жоғары. Дін жолын өз бетінше қабылдай бергеннің ақыры қолына қару алып,  лаңкестердің лаңынан табылып жатыр. Сондықтан, еліміздің әр қаласында дін істерімен айналысатын басқармалар бар.

Сұхбатымызда елорда тұрғындарының дін саласына байланысты сауалдарының бірқатарына жауап алуға тырыстық.

− Нұрдаулет Иманәліұлы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Дін істері басқармасының басшысы ретінде, сұхбатымыз оқырмандарға түсінікті болу үшін басқарманың жұмысы туралы айтып өтсеңіз.

Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері басқармасы өз қызметін Басқарма ережесіне және «ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң аясында және өзге де заңнамаларға сүйене отырып жүзеге асырады. Басқарманың негізгі миссиясы тұрғындар арасында конфессияаралық келісімді қамтамасыз етіп, азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын іске асыру және елордадағы діни бірлестіктерімен өзара мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру болып табылады. Сонымен қатар, қаладағы діни ахуалды, діни бірлестіктердің қызметін, миссионерлердің, рухани білім беру ұйымдарының, қайырымдылық мекемелері мен қорларының қызметін бақылап, Діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырамыз.

− Дін мәселесі қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптардың болып тұр. Қазіргі уақытта діни экстремизм мен терроризм қауіпі толық сейілді деп айта алмаймыз. Дін істерімен айналысатын Басқарма ретінде,  бұл мәселенің алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

− Өзекті сұрақ қойып отырсыз. Себебі, сіз көтеріп отырған мәселе елімізде ғана емес, бұл жағдай әлемде де үлкен мәселе тудырып отыр. Енді бұған қатысты Қазақстан Республикасы аумағында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы үлкен кешенді жұмыстар жасалуда. Соның негізі ретінде 2018-2022 жылға арналған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаны айта аламын. Алдын алу бағытындағы кешенді іс-шараларды Басқармаға қарасты Діндерді зерттеу орталығы ұйымдастырып келеді. Бағдарлама мен жоспралар аясында қала тұрғындары, соның ішінде еңбек ұжымдарында, студенттер арасында, әртүрлі санаттағы тұрғындар арасында ақпараттық – түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бізде қала бойынша арнаулы заңгерлерден, психологтардан, әлеуметтанушылардан, теологтар мен дінтанушы мамандардан құралған ақпараттық-түсіндіру тобы бар. Мәселен, жыл басынан бері 150-ден аса діни түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 2000-нан аса адамды қамтыған іс-шаралар өтті. Радикалды немесе деструктивті діни идеологиялардан жапа шеккен елордалықтарға психологиялық, теологиялық, әлеуметтік көмек беру мақсатында «Сапсан» жобасы жүзеге асырылып, оң нәтиже берді. Аталған жоба аясында жыл басынан бері 220 адам мамандарға сауалдарын қойып, діни мәселелер төңірегінде жекелеген сұхбаттар өткізіп, сұрақтарына жауаптар бердік. Сонымен қатар, халықтың радикалды топтарға қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы БАҚ-та, өзіміздің әлеуметтік желілерде фотопосттар, бейнероликтер, мақалалар жариялап, қысқаметражды фильмдер түсіреміз.

Қазіргі таңда «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы отанына оралғандарды қоғамға бейімдеу жұмыстарын жүргізудеміз. Ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақтардан оралған 8 әйел қазір тігін цехында жұмыс жасап жүр. Сондай-ақ, арнайы тимбилдингтар, жәрмеңкелер, кино көрсетілімдерін ұйымдастырып отырамыз.

Қоғамның діни сауаттылығын арттырып, радикалды діни ағымдардан сақтау біздің басты мақсатымыз.

− Пандемия салдары жұмыстарыңыздың сапасына әсер етпеді ме?

− Әлемді жайлаған індет біздің ғана емес, барлық салаға өзінің әсерін тигізбей қоймады. Пандемия салдарынан жұмысымыз тоқтап, сапасына әсер етті деп айта алмаймын. Алайда, халықпен етене араласуға мүмкіндік болмағандықтан, жоспарланған кейбір іс-шараларды, соның ішінде тұрғындар  арасында жүргізілетін ақпараттық түсіндіру жұмыстарының форматын өзгертуімізге тура келді. Бүкіл әлем онлайн жүйеге көшкенде, радикалды ағымдар да өз жұмыстарын қашықтан жүргізуді бастап кетті. Сондықтан, әлеуметтік желілерге жасалатын мониторингті күшейтуімізге тура келді. Заманның ағымына сай, барлық әлеуметтік желі платформалын пайдаланып, іс-шараламыз бен кездесулерімізді онлайн форматта да өткіздік.

− Елордадағы «кибер қауіпсіздік» деңгейін қалай бағалайсыз?

− Жоғарыда атап өткенімдей біздің Діндерді зерттеу орталығының мамандары интернет желісінде дінге қатысты ақпараттарға жүйелі түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырады. Атап айтатын болсам, жыл басынан бері Басқарма интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерге деструктивті идеяларды насихаттайтын материалдарға мониторинг жүргізу барысында 8 мыңға жуық радикалды материалдарды анықтап, ары қарай бұғаттауға жіберілді. Сондай-ақ қазіргі кезде біздің басқарма еліміздегі алдыңғы Үштік топта нәтижелі жұмыс көрсетікен ұйымдардың қатарында.

Сонымен қатар, күмәнді діни қоғамдастықтарға жазылу, деструктивті материалдарды тарату, басқа платформаларға жіберу, репосттар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 453 және 490-баптарының бұзылуына әкелетінін атап өткім келеді.

Осыған байланысты қәзіргі кезде елорда тұрғындарының жеке басының қауіпсіздігін қорғау және дін саласындағы құқық бұзушылық факторларының алдын алу мақсатында деструктивті діни қауымдастықтардың парақшаларынан өз еркімен шығару жұмыстары ескертпе ретінде жүргізілуде. Ағымдағы жылы деструктивті діни топтарға тіркелген 2000-нан астам адамға топтан бас тарту бойынша хабарлама хаты жолданды. Жүргізілген түсіндіру жұмыстар нәтижесінде азаматтар өз парақшаларындағы діни радикалды қауымдастықтарын өшірді. Бұны жақсы көрсеткіш деп айтуға болады.

− Барша мұсылман жұрты асыға күтетін Қадір түні мен Ораза айт намазы кезінде мешіттер қалай жұмыс істейді?

− Биыл қатарынан екінші жыл рамазан айы пандемия кезінде өтуде. Мұсылман жұрты үшін қасиетті айда, Қадір түнін мешітте қарсы алып, Ораза айт намазын жамағатпен оқу маңызды іс болып саналатынын білеміз. Алайда, бұл жылы да елорда тұрғындары қауіпсіздік шараларын сақтап, құлшылықтарын үйде жасағандары абзал. Біз өз кезегімізден, мешіттен тікелей көрсетілімдер жүргізіп, пайдалы ақпаратпен дер кезінде бөлісіп отыруды жоспарлап отырмыз. Бұл туралы тағы да толық ақпараттарды ресми парақшаларымызда жариялайтын боламыз.

− Басқарма тарапынан алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

− Қазіргі уақытта жоспарларымыз өте көп. Жыл басталғалы бері ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, түрлі семинарлар, діни конфессиялардың басын қосқан іс-шаралар өткізілуде. Өзіңізге белгілі Басқармаға қарайтын Діндерді зерттеу орталығымыз бар, ендігі жоспарда осы Орталықты алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан ары жандандыру, бұдан ары кеңейтуді қарастырып жатырмыз. Жалпы қортындылай келе, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша діни ахуал тұрақты деп айта аламыз. Осы тұрақтылықты сақтау үшін елордалықтармен тығыз байланыста болып, әрі қарай жүйелі түрде жұмыс жасайтын боламыз.

   Сөз соңында айта кетсем, қандай да бір діни  ақпарат алғыларыңыз келсе, сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңыз болса, қала бойынша iKomek – 109 нөмірі арқылы тегін хабарласа аласыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button