Алматы қаласы, Медеу ауданының тұрғыны Ирина коронавирустың екінші толқыны пайда болған кезде медициналық құралдар туралы, қаланың қажетті медициналық заттармен және дәрі-дәрмектермен қалай қамтамасыз етілетіндігі туралы сұрады.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев былтыр бірінші толқын қазақстандықтардың төзімділігін сынады, осыған орай қала әкімдігі бұрын-соңды болмаған шараларды қабылдады деп жауап берді.
“Карантин алынып тасталғаннан кейін, барлығымыз босаңсып қалдық. Дүрбелең басталып, адамдар дәріханалардағы барлық дәрі-дәрмектерді сатып алды. Біз дереу іске кірісіп, тұрақтандыру қорын құрдық. Ұшақтармен медициналық құралдарды, дәрі-дәрмектерді және желдеткіштерді Үндістан мен Беларуссиядан тасымалдадық. Мемлекет басшысы дәрі-дәрмектер мен медициналық заттардың тіркеусіз және мемлекеттік тілге аударылмай өткізілуі туралы тапсырма берді. Барлығы 48 миллион пакет препарат пен қорғаныс құралы қалаға жеткізілді. Бүгінгі күні 24 миллионға жуық пакет айналымда және олардың азаймайтын 8 миллион данасы бар. Қалада дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау үшін 300-ден астам дәріханаларға мониторинг жүргізілді. Біз тапшылыққа жол бермейміз”, – деп жауап берді әкім.
Сағынтаевтың айтуынша, жеке өндірісті дамыту қажет. Ол үшін «ИТП» АЭА аумағында фармацевтикалық кластер құрылды, медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің бөлігі болып табылатын дәрі-дәрмектер, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен маңызды жабдықтар өндірісін оқшаулауға басты назар аударылатын болады.
Бүгінгі күні фармацевтикалық кластердің өкілдері фармацевтикалық зауыттардың құрылысын бастады. «VivaPharm» ЖШС сұйық, жұмсақ және қатты дәрілік формаларды шығаруға арналған өндірістік кешенді іске асыруды бастады. Инвестиция көлемі 4,6 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, «DolcePharm» ЖШС жеке қорғаныс құралдарын шығаратын зауыт салуда. Инвестициялар көлемі 19,5 млрд теңгені құрайды.
Сонымен бірге тағы 3 инвестор фармацевтика өнімдерін шығаруға арналған жобаларды іске асыруға кірісті, мысалы: «Альфа Мет» ЖШС, «Био Евразия» ЖШС және «ADS Industries» ЖШС. Атап айтқанда, шағын және орта бизнеске арналған фармацевтикалық өндірістің индустриалды паркі салынады. Жалпы инвестиция көлемі 18 миллиард теңгені құрайды.
Дәрі-дәрмектермен және жеке қорғаныс құралдарымен жабдықтау жөнінде құрылған тетік импортқа тәуелді болмауға мүмкіндік береді және COVID-19-ды ғана емес, сонымен қатар басқа да ауруларды емдеу кезінде дәрі тапшылығын азайтады.